Елордада «От қыз» ұлттық ертегісінің премьерасы өтеді
Астананың балетсүйер қауымы 6-7 қазан күні «От қыз» ұлттық ертегісінің премьерасын тамашалай алады. Бұл туралы «Астана Балет» театрының көркемдік жетекшісі Нұрлан Қанетов айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
«От қыз» ұлттық ертегісінің хореографы – театрдың бас балетмейстері Мұқарам Авахри, либретто авторы – Бақыт Қайырбеков, композиторы – Карина Абдуллина болды. Премьералық көрсетілімдер театрдың симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтеді, - деді театрдың көркемдік жетекшісі.
Нұрлан Қанетовтың айтуынша, театрдың басты бағыты – ұлттық спектакльдерді қою.
30 қараша мен 1 желтоқсанда Владимир Яковлевтің хореографиясындағы Сергей Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта» спектаклінің премьерасы өтеді. Қазан айының ортасында театр әртістері әлемдік балет жұлдыздарының қатысуымен Ballet Globe-пен бірлесіп А.Алонсоның «Кармен-сюита» культтік спектаклімен Женеваға гастрольдік сапарға барады. 28 қазан Қазақстан Республикасы күніне арналған «Mangi el» концерті ұйымдастырылды. Театр ұжымы алғаш театрдың симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен ұлттық хореографиялық миниатюралар мен ұлттық аспаптардың жанды дыбысталуымен театрдың ұлттық спектакльдерінен үзінділер ұсынады, - деді Нұрлан Қанетов.