Жаңалықтар

Елордада «Музейдегі мектеп күні» жобасы өтті

Бұл туралы ҚР Ұлттық музейінің баспасөз қызметі мәлімдеді
Елордада «Музейдегі мектеп күні» жобасы өтті
Фото: El.kz/ Артем Чурсинов 05.09.2022 20:44 2372

Елордада «Музейдегі мектеп күні» жобасы өтті, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы ҚР Ұлттық музейінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

 Біз өмір сүріп отырған кезеңді ғалымдар цифрлы дәуірге жатқызады. Күнделікті тіршіліктегі қарапайым дүниелерден бастап, бізге күрделі болып көрінетін барлық зат цифрланды. Бұрын 20-30 жылда, тіпті 50-100 жылда ғана жаңаратын дүниелер аз ғана уақыттың ішінде өзгеріп, жаңа нұсқалары шығып жатыр.

Елордада «Музейдегі мектеп күні» жобасы өтті

«Ғылымның дамуы адам өмірін жеңілдете түскенімен, «трендке ілесу» деген түсінік пайда болды. Бұл түсінік музейлерді де сырт айналып өтпеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана музейлер мәдени құндылықтар сақталатын, оны зерттеп, қоғамға түрлі формада ұсынатын мекеме ретінде белгілі болып келді. Ал бүгінгі күні музейлер әлеуметтік үдерістерге қатысушы мекеме және қоғамдық-мәдени институт ретінде қызмет етеді. Сондай-ақ, өзгерістерді қалайтын әрі халықаралық қауымдастықта танылған тәжірибелерді енгізетін алаңға айналды. Демек, музейлердің адам өміріндегі рөлі өзгерді», – деді А.Сыдықов.

XXI ғасырдағы музейдің қызметі қандай деген сұраққа былай жауап берер едік:  

  •  Мәдени құндылықтарды сақтау;
  •  Өркениеттер арасында диалог орнату;
  •  Азаматтық қоғамның дамуына үлес қосу.

Осы үш бағытты тең ұстаған музейлер қоғамда зор беделге ие болады деп санаймыз.

Біздің Ұлттық музей мәдени құндылықтарды сақтауда Қазақстандағы жетекші музейге айналып үлгерді. Бұл – осы жердегі 400-ден астам қызметкердің табанды еңбегінің нәтижесі. Біздің ұжымның қызметі өркениеттер арасында диалог орнату. Ұлттық музей экспозициясындағы қайталанбас жәдігерлер осының айғағы. Заманауи техникамен жабдықталған көрме залдарында көне дәуірден бастап бүгінгі күнге дейінгі жәдігерлер орналасқан. Өткен тарихты ғана көрсетіп қоймай, бүгінгі күні адамзат баласын толғандырып жүрген экология, жан-жануаларды қорғау тәрізді күн тәртібіндегі тақырыптарды да жиі қозғаймыз. Осындай қадамдарымыз арқылы музей белгілі бір кеңістікті мекен ететін адамдарды біріктіретін алаңға айналып келеді. Бұл – XXI ғасырдағы музейдің миссиясы.

Біздің алаң қоғамның барлық санатымен жұмыс істеуді мақсат етеді. Музейдің басты екі байлығы бар. Олар – музей қоры мен келушілері. Біз осы ұғымдарды жұмыс барысында негізге аламыз.

Елордада «Музейдегі мектеп күні» жобасы өтті

Биылғы жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялады. Осыған орай, елімізде көптеген жаңа жобалар қолға алынды.

Бізді бүгінгі күні толғандыратын сұрақтардың қатарында «XXI ғасырдағы музейдің қызметінде балаға қандай мүмкіндіктер ұсынамыз?» деген сауал бар. Бұл мәселеге келгенде біз дәстүрлі әдістер мен заманауи технологияның мүмкіндіктерін біріктіруді ойластырдық. Себебі, дәстүрлі әдістер – уақыт сынынан өткен, әбден ысылған, әр кезеңнің сұрағына жауап беретін, жүйелі әдістер. Ал заманауи технология сол әдістерді жеткізуде көмекші рөл атқарады.

  Мол тәжірибе мен жаңа мүмкіндіктерге ие бола отырып, оны музейге балаларды тартуға жұмсай білсек, тағы бір белесті бағындырғанымыз болар еді.

Осыны ойластыра келе, біз ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен мектеп оқушылары үшін «Музейдегі мектеп күні» атты жобаны қолға алдық. Жоба таныстырылымының бүгінгі күнге тұспа-тұс келуі де кездейсоқтық емес. Өйткені, бүгін, 5 қыркүйек – ұлттың ұлы ұстазы, халқымыздың рухани көсемі – Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы. Ел-жұртын оқу- ғылым, өнер-білім нәрімен сусындауға шақырған ұлағатты ағартушының салған сара жолы бүгінгі жобамызға арқау болып, оқушылардың танымдық қабілеттерін дамытуға тың серпін берері сөзсіз.

Айта кетейік, министрлік жобаға жан-жақты ресурстық қолдау көрсетіп отыр. Осы қолдауды сезінген тәжірибесі бар мамандар бұл іске кірісіп кетті. Қазіргі уақытта «Қазақстан тарихы» оқулығының негізінде күнтізбелік жоспарымызды бекіттік. Жобаны дайындар алдында біз өзімізге бірнеше міндет жүктедік:

  •  «Қазақстан тарихы» пәні алдындағы міндетіміз – пәннің тереңдетіліп оқытылуына ғалымдарды тікелей қатыстыру;
  •   Оқушылар алдындағы міндетіміз – олардың музейге қолжетімділігін қамтамасыз ету;
  •  Мұғалімнің алдындағы міндетіміз – оқушыға тарих пәнін оқыту кезінде көмекші бола білу.

Бұл үш міндетті біз абыроймен атқарып шығатынымызға сенеміз.

Биылғы оқу жылына пилоттық жоба ретінде «Қазақстан тарихы» оқулығындағы 37 тақырыпты таңдап алдық. Барлық тақырыптың контентін Ұлттық музейдің ғылыми қызметкерлері мен тәжірибелі мамандары дайындайды. Біз бұл жерде оқулықта көрсетілген тақырыптарға Ұлттық музей қорындағы жәдігерлерімізді ұсынамыз. Сабақтарды музей мамандары баланың жас ерекшелігіне қарай әр түрлі әдіс-тәсілдермен өткізеді. Мүмкіндігінше креативті қадам жасаймыз.

Жобаны бастар алдында біз елорда мектептерімен ғана шектелгіміз келмеді. Жаңа ақпараттық технологиялар ғасырында оның мүмкіндіктерін пайдаланып, еліміздегі 7500-ден астам мектепке Ұлттық музейдегі құндылықтарды ұсынсақ деген ортақ пікірге келдік. Сондықтан біздің сабақтарымыз екі түрлі форматта өтетін болады:

  •  Оффлайн: Әр бейсенбі сайын музей залдарында өтеді. Музей залдарындағы сабақтар балаларға ерекше әсер сыйлайтынына сенеміз.
  • Онлайн: Ұлттық музейдің сайтына күнтізбелік жоспарға сәйкес, видеосабақтар салынып отырады. Ұзақтығы 5-8 минут. Видеосабақтарды жүктеп алуға, үзінділерін көрнекі құрал ретінде пайдалануға ыңғайлы етіп дайындалады.

«Қазақстан музейлерінің мамандары қазіргі уақытта музей педагогикасына, оның ішінде баламен жұмыс істеудің жаңа әдіс-тәсілдеріне ерекше мән беріп отыр. Біз алға қойған міндеттерімізді орындауға, заманауи музейге қойылатын талаптарға сай жұмыс істеуге бар күш-жігерімізді салатын боламыз»,– деді ҚР Ұлттық музейі директорының міндетін атқарушы.

Ол ұлтымыздың жауһар жәдігерлері мен мәдени мұралары арқылы мемлекеттігіміз бен елдігімізді ұлықтайтын Ұлттық музей дәстүрлі қызмет көрсету аясымен ғана шектелмей, қоғамға қажетті мәдени-ағарту, ғылыми-әдістемелік, танымдық-ұйымдастыру жұмыстарының қайнаған ортасына айналғандығын айтты.

Сөз соңында «Музейдегі мектеп күні» атты мәдени-ағартушылық жобасы оқушылардың қызығушылығын, ынтасын оятып, танымдық белсенділіктерін арттыра отырып, шығармашылық қабілеттерін дамытуға өз әсерін тигізетіндігіне сенім білдірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға