Жаңалықтар

Елордада «Мәміле» клубы ашылды

Елордада «Мәміле» клубы ашылды
12.11.2019 17:29 2944

Елордалық Достық үйінде «Мәміле» қазақ тілінің клубы ашылды. Оның ашылуына Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы мұрындық болды.

Шараға қалалық этномәдени бірлестіктердің, жастар ұйымдарының өкілдері сондай-ақ, қазақ тілінің оқытушылары қатысты. Салтанатты жиналыс барысында қалалық ассамблея Хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова «Мәміле» клубының құрылуының маңыздылығына мән артып, жалпы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстырды. «Осы жылы қазақ халқының тілін, мәдениетін, ұлттық құндылықтарын дамыту, таныстыру мақсатында көптеген іс-шаралар жүргізілді. Соның ішінде әсіресе, «Қазақтану – ел бірлігінің негізі» жобасының аясында жүзеге асырылған ауқымды шараларды атап өтуге болады. Одан бөлек, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында да мемлкеттік тілдің маңыздылығын арттырар жұмыстар жүргізілуде. Сондықтан, осы тұрғыда «Мәміле» клубының Достық үйінің алаңында жұмыс жасауының өзектілігі жоғары», - деді Л.Құсайынова.

Өз кезегінде «Мәміле» жобасының жетекшісі, «Ситуативті қазақ тілі» әдістемесінің авторы Қанат Тасыбеков, «Тен» лингвистикалық орталығының жетекшісі Владислав Тен, профессор, филология ғылымдарының докторы Қазбек Қазкенов мемлекеттік тілдің рөлі мен маңыздылығы жөнінде өз ойларымен бөлісті. Қанат Тасыбековтың айтуынша, жалпы ел аумағында 17 «Мәміле» клубы ашылып, жұмыс жасауда. Және бұл ауқымды жұмыс бүгіннің өзінде оң нәтиже көрсетуде.

Шара соңында қатысушыларға клубтың арнайы сертификаттары табыс етілді.

Бөлісу:


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.



Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға