El.kz

Елордада кран құлап, жұмысшы қаза тапты: Полиция іс қозғады

19.07.2025 16:50

Елордадағы құрылыс алаңында мерт болған жұмысшы өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы

18 шілдеде сағат 20:00 шамасында құрылыс алаңында кран құлады. Кран ішінде болған ер адам алған жарақаттан оқиға орнында көз жұмды. Құрылыс жұмысын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережесін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, - делінген ресми ақпаратта.

Қазір қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында тергеу жүргізіліп жатыр. 

Айта кетсек, елордадағы Тұрар Рысқұлов көшесі 18/5 үй мекенжайында орналасқан «Абырой» тұрғын үй кешені аумағында қатты жел салдарынан кран аударылып қалған. Оқыс оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады. Желідегі ақпаратқа сәйкес 18 шілде сағат 20:07 шамасында желдің кенеттен қатты соғуынан кран аударылып, бір жұмысшы тіл тартпай кеткен.