Елордада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы басталды
Елордада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтіп жатыр. Комиссия жұмысына Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Азимова жетекшілік етсе, оның орынбасарлары ретінде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бекітілген. Құрамына депутаттар, қоғам қайраткерлері, сарапшылар, БАҚ өкілдері мен ғылыми орта кірген комиссия елдегі ауқымды саяси өзгерістерді талқылауға кірісті.
Жиында сөз сөйлеген Ерлан Қарин Конституциялық комиссияның құрылуын тарихи кезеңмен байланыстырды. Оның айтуынша, бұл комиссия бұған дейін жарты жыл бойы жұмыс істеген парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының заңды жалғасы. Мемлекет басшысының бір палаталы Парламентке көшу бастамасы қоғам тарапынан кең қолдау тапқанын атап өткен Мемлекеттік кеңесші, осы реформа аясында азаматтардан, партиялар мен қоғамдық ұйымдардан жүздеген ұсыныс түскенін жеткізді.
Қариннің айтуынша, жұмыс тобы Парламентті «Құрылтай» деп атау, депутаттар санын 145 адам деңгейінде белгілеу, депутаттарды тек партиялық тізім арқылы сайлау, олардың өкілеттік мерзімін бес жыл ету сияқты бірқатар негізгі ұстанымдарды қалыптастырған. Сондай-ақ бір палаталы Парламенттің заң шығару үдерісін үш оқылым арқылы жүзеге асыру ұсынылған. Бұл заң сапасын арттырып, заңнамалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Мемлекеттік кеңесші ерекше тоқталған тағы бір мәселе – тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін сақтау. Осы мақсатта Құрылтайдың Конституциялық сот, Жоғары аудиторлық палата, Орталық сайлау комиссиясы сияқты негізгі мемлекеттік органдарды қалыптастырудағы рөлін күшейту ұсынылады. Сонымен бірге Президент институтының конституциялық өкілеттіктері сақталып, билік тармақтары арасындағы теңгерім жаңа форматта жалғасады.
Жалпы, Конституциялық комиссияның жұмысы парламенттік реформамен шектелмей, Негізгі заңның өзге де бөлімдерін қамтитын кешенді конституциялық трансформацияға жол ашпақ. Соңғы шешімдер жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданатыны айтылды.

