Жаңалықтар

Елордада Astana Media Week апталығы басталды

Елордада Astana Media Week апталығы басталды
Фото: El.kz/Арман МУХАТОВ 25.09.2024 12:49 510

«Қазмедиа орталығында» Astana Media Week 2024 басталды. Жетекші сарапшылар, халықаралық ұйымдардың өкілдері және танымал журналистер сала алдында тұрған өзекті мәселелерді талқылау үшін жиналды.

Биыл халықаралық іс-шара «Медианың әсері және цифрлық үндестік» тақырыбында өтіп жатыр. Ашылу салтанатында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атынан құттықтау хатын вице-министр Қанат Ысқақов оқып берді. 

Құрметті әріптестер, баршаңызды жыл сайынғы Astana Media Week апталығының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Биыл «Медианың әсері және цифрлық үндестік» тақырыбына арналуы қоғамдағы өзгерістер мен жаңа технологиялық дәуірде ақпараттық маңыздылығын тағы да айқындай түседі. Медианың күнделікті өмірде ықпалы зор, ол тек ақпаратты тарату ғана емес қоғамдық пікірді қалыптастырушы мәдениетті дамытуда үлес қосады. Цифрлық технология жылдам дамып, осы үрдістерді жаңа деңгейге көтеріп медианың ықпалын одан әрі күшейтеді. Бұл үрдістер медиа мамандарының біліктілігін арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Astana Media Week медиа саласының көшбасшылары мен кәсіпқой мамандар мен сарапшыларды бір алаңға жинап, өзекті мәселелерді талқылайтын кәсіби алаңға айналды. Баршаңызға табыс тілеймін, - делінген хатта.

3 күндік бағдарламада нарықтың үнемі өзгеруіне байланысты мамандарды даярлау туралы пікір алмасулар мен жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың қоғамға әсері туралы дәрістер бар. Қатысушылар ақпараттың жылдам ағыны жаңа форматтар мен мазмұн тәсілдерін құра отырып, медиа жұмысын қалай өзгертетінін талқылайтын болады.

Медиадағы құқықтық трансформация, көп платформалы экожүйелерді дамыту, өңірлік, спорттық және салалық журналистика, балалар контенті және әлеуметтік шиеленісті басқарудағы ахуалдық орталықтардың рөлі басты назарда болады.

Биылғы медиа апталыққа халықаралық медиа ұйымдардың өкілдері қатысады. Бұл сарапшылар мен индустрия көшбасшылары өз көзқарасы мен пікірін ортаға салып, жаһандық трендтер мен медиакоммуникация саласындағы озық тәжірибесін бөліседі.

Медиа апталықтың белсенді қатысушылары өздерінің кәсіби шеберлігін арттырып қана қоймай, Камбоджаға туристік сапар ұтысына қатысу мүмкіндігіне ие болады.

Іс-шара аясында 25 және 26 қыркүйек күні Контент-Маркет өтеді, онда телеарналар мен продакшндар озық медиа жобаларын таныстырады.

Сонымен қатар жабық питчингтер, кешкі нетворкинг, масс-медиа туралы жаңа заң бойынша интерактивті сессия және қазақ тіліндегі «Мақсат» атты жаппай диктанты өтеді.

27 қыркүйекте медиакоммуникациядағы жетістіктерді атап өтетін «Үздік баспасөз қызметі» марапатын тапсыру рәсімі өтеді. Сонымен қатар, баспасөз хатшыларына арналған семинарлар өткізіліп, медиадағы инновациялар, ұлттық бірегейліктің рөлі, цифрлық коммуникациялар этикасы, ақпаратты тексеру және ақпараттың шамадан тыс жүктелуіне қарсы күрес секілді тақырыптар талқыланады.
 
Astana Media Week 2024 «Қазмедиа орталығында» (Астана, Қонаев көшесі, 4) өтеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға