Елордада «Асқақтай бер, Астана» атты концерт өтті
Елорданы көшіру күніне орай Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясында «Асқақтай бер, Астана» патриоттық концерті өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Астана қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Елордалық филармонияның шығармашылық ұжымдары мен солистері тұрғындарды елорданы көшіру күнімен құттықтады. Музыкалық кеште қазақстандық композиторлардың отанға деген сүйіспеншілігін дәріптейтін танымал туындылары Нұрлан Бекеновтің жетекшілігімен қазақ халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен орындалды.
Музыка әуесқойлары «Дарын» сыйлығының лауреаттары мен халықаралық байқаулардың жүлдегерлері орындаған «Астана», «Елге арнау», «Отан», «Сарыарқа», «Туған жер» әндерін және басқа да вокалдық және аспаптық шығармаларды жылы қабылдады.
Осы кеште сахнада Алтынбек Әділда, Жанар Жүнісова, Берік Омаров, Парасат Отан, Алтыншаш Мұқатаева, Мұратбек Хайролда, Әйгерім Аманжолова және Зарина Омарова өнер көрсетті.
Әртістер мерекелік атмосфера құрып, көрермендерге керемет көңіл-күй сыйлады.
Концерттік бағдарлама елордаға арналған патриоттық шығармалардан тұрды. Әріптестерім екеуміз оркестрдің сүйемелдеуімен Лұқпан Жолдасовтың «Елге арнау» әнін шырқадық. Енді ол біздің репертуарымызда ерекше орын алады. Көрермендер бізді керемет қабылдады. Отанға деген сүйіспеншілік шексіз екенін түсінуге көмектесетін іс – шараларға қатысу біз үшін үлкен мәртебе, - деді елордалық филармонияның солисі Ақбота Құснадин.
Концертке алғашқы құрылысшылар, ардагерлер, мәслихат депутаттары, жаңа Астананың құрылысы мен дамуына қатысқан коғам өкілдерінің барлығы қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, 10 желтоқсанда Қазақстанда елорданы көшіру күні атап өтіледі. Осыдан 25 жыл бұрын, 1997 жылғы 10 желтоқсанда сол кездегі Ақмола қаласы, қазіргі Астана Тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасы болып жарияланды.