Жаңалықтар

Елордада «Ана - гүл, ана - өмір шырағы» мерекелік іс-шарасы өтті

Елордада «Ана - гүл, ана - өмір шырағы» мерекелік іс-шарасы өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігі 12.05.2024 17:13 840

Елордалық Достық үйінде «Ана - гүл, ана - өмір шырағы» атты мерекелік іс-шарасы өтті. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Iс-шара қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өткiзiлдi.

Арт-терапия форматында ұйымдастырылған  рухани-танымдық басқосуға елордалық ҚХА Аналар кеңесінің мүшелері, Астана қаласы Алматы ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қолданбалы өнер шеберлері, «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қорының ата-аналары мен балалары қатысты.

12 мамыр - Аналар күніне арналған іс-шараны қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының қызметкері Гүлнара Тайгокова құттықтау сөзімен ашып, елімізде алғаш рет аталып өтіп отырған халықаралық мерекенің тарихымен таныстырды.

Бүгін біз Алматы ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығымен бірлесе іс-шара өткізіп жатырмыз. Мұнда «Бақытты шаңырақ» қорына қарасты ерекше балалар шақырылды. Шеберлік сабақтарына 20-дан астам отбасы қатысып отыр. Аналарды бүгінгі мерекемен құттықтап, сыйлықтар беріледі. Мерекені осылай тойлауды жөн көрдік, өйткені ана болу оңай емес, әсіресе, ерекше баланың анасына өте қиын. Мен өзім 8 жыл бойы мүгедек балаларды қолдайтын «Жұлдызай» қорын басқардым. Бірінші балам бас жарақатымен туды, ата-анамыздың қолдауымен, дәрігерлердің көмегімен ерте реабилитациядан өтіп, сауығып кетті. Мамандығын алып, қазір өзі де ана атанып отыр. Сондықтан, ең бірінші, ана мен баланың саулығын тілеймін. Әсiресе, ерекше баланың анасына көп қолдау қажет, - деді Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Алтынай Тәңірбергенова.

Шеберлік сабағына қатысушы балалар Алматы ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қызметкерлері және сондағы қариялардың көмегімен суреттерді құрастырды.

Сондай-ақ кішкентай қонақтардың назарына концерттік және ойын-сауық бағдарламасы ұсынылып, балалар мен олардың аналарына сыйлықтар табысталады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға