Жаңалықтар

Елордада алғаш рет кекушинкай каратэден Азия чемпионаты өтеді

Елордада алғаш рет кекушинкай каратэден Азия чемпионаты өтеді
Фото: ©El.kz/Ажар ЛАУБАЕВА 31.07.2024 13:30 613

Астанада 1-4 тамыз аралығында әлемдік кекушинкай каратэ тарихындағы басты оқиға - кекушиннен IV Балалар мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты және кекушинкай каратэден Азия чемпионаты болады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүкілқазақстандық кекушинкай каратэ ұйымы РҚБ президенті Тәжімұрат Найзабековтың айтуынша, 22 мемлекеттен 600 спортшы келіп қатысады.

Елордада алғаш рет кекушинкай каратэден Азия чемпионаты өтеді

Сурет:©El.kz/Ажар ЛАУБАЕВА 

Биыл Балалар мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты төртінші рет, ал Азия чемпионаты бірінші рет өтеді. Оған ҚР Туризм және спорт министрлігі қолдау білдіріп отыр. Біз ұйымдастырушы комитет ретінде елімізге келген және енді келетін қатысушыларға барлық жағдайды жасауға тырысып жатырмыз. Бүгінде Қазақстанға 18 мемлекеттің қатысушылары келді. Енді қалғандары кешкі сағат 20:00-ге дейін жетеді, - деді Тәжімұрат Толбайұлы.

International Karate Оrganization «Kyokushinkai kan Union» бас директоры Шигеру Шихан өз сөзінде Тәжімұрат Найзабеков пен шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Бұл турнир – әлемдік деңгейдегі турнир болады деген ойдамын. Өз спортшыларын жарысқа ертіп келген командалардың барлық өкілдеріне шексіз құрметімді білдіргім келеді. Ертеңгі турнир осы уақытқа дейінгі жасаған барлық жаттығу жұмыстарының көрінісі болмақ, - деп атап өтті Шигеру Табата.

Ертең, 1 тамыз күні Азия чемпионатында сағат 09:00-де алдын ала жекпе-жектер, 11:00-де салтанатты ашылу рәсімі, 16:00-де жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі болады.

Айта кетейік, аталған жарыстар елордада Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға