Жаңалықтар

«Елорда бәйгесі» республикалық турнирінің жеңімпазы анықталды

Турнир елорда күніне орай «Қазанат» ипподромында өтті
«Елорда бәйгесі» республикалық турнирінің жеңімпазы анықталды
Фото: inform.kz 06.07.2022 18:55 2085

Астана күніне орай «Қазанат» ипподромында «Елорда бәйгесі» республикалық турнирі өтті, – деп хабарлайды El.kz порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

– Қазақ халқының рухын көтеріп, арқасын қоздыратын ұлттық спортымыздың бірі – бәйге болса, сол бәйгенің сәнін келтіретін, осынау ұланғайыр далаға иелік етуімізге ересен еңбек сіңірген ұлттық брендіміз – қазақтың қазанаты. Елорда күніне орай осындай аламан бәйге ұйымдастырып, мерекенің сәнін асырып жатқанымыздың өзі үлкен мерей. Баршаңызды қала күнімен құттықтаймын, – деді Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бәйгенің ашылу салтанатында.

Елорданың 24 жылдық мерейтойына арналып өткен республикалық бәйгеде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің барлық өңірінен 150-ден астам сәйгүлік бағын сынады.

Жарыстың жалпы жүлде қоры – 20 миллион теңге. Ат жарысы ұшқыр бәйге (1 400 және 2 400 метр), құнан бәйге (7 000 және 9 000 метр), кіші аламан (16 шақырым) және аламан бәйге (20 және 21 шақырым) сынды 7 түр бойынша өтті.

20 шақырымдық аламан бәйгеде 8 сәйгүлік жарыс жолына шығып, Қостанай облысынан келген Мұрат Исмағамбетовтің «Риба» есімді тұлпары мәре сызығын алғаш болып кесті.

Айта кетсек, аталған шара Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі қолдап, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға