Астана әкімдігінің баспасөз қызметі

Елорда тұрғыны вандализм әрекеті үшін 10 тәулікке қамалды

Астанада вандализм әрекеттері мен қоғамдық тәртіпті бұзушылықтарға қарсы жүйелі күрес жүргізілуде. Кезекті тәртіп бұзушыларды полицейлер анықтады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

Байқоңыр ауданындағы Уәлиханов көшесінде белгісіз адамдар аялдама павильонының терезесін сындырған. Тексеру барысында 37 жастағы ер адам анықталды. Оның мас күйінде қала мүлкін әдейі бүлдіргені белгілі болды. Сот шешімімен құқық бұзушы 10 тәулікке қамауға алынды.

Жыл басынан бері 160 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 93-і қамауға алынып, 67 адамға жалпы сомасы 10 466 780 теңге айыппұл салынған. 

Айта кетейік, қала мүлкін бүлдіргені үшін заң бойынша жауапкершілік қарастырылған. Аялдамаларды, орындықтарды, шағын сәулет нысандарын және басқа да инфрақұрылым нысандарын зақымдау қалаға шығын келтіріп қана қоймай, тұрғындардың жайлы өміріне кедергі жасайды.

Өткен жылдан бері Астанада «Стоп, вандал» акциясы аясында профилактикалық жұмыс жүргізіліп келеді. Бұл бастаманы еріктілер, белсенділер, танымал спортшылар және қала тұрғындары қолдады. Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру 60 АЕК-ке дейінгі айыппұлмен немесе 30 тәулікке дейінгі қамаумен жазаланады.