Елорда тұрғындары 2,1 млрд теңге көлік салығын төлемеген
Ақмарал Ағзамқызы El.kz тілшісі
Мемлекеттік кірістер департаменті көлік салығын төлемей жүрген елордалықтарға ескерту жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Астана қаласы бойынша МКД салық бойынша берешегі 1 АЕК-тен (3 450 теңге) асатын көлік иелерін қолайсыздық туындамас үшін салық берешегін толық өтеуге шақырады. Қалада полицейлер мен жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы бірлесіп, «Борышкер» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізіп жатыр.
Бүгінде жеке тұлғалардың көлік салығына берешегі – 2,1 млрд теңге. Рейд барысында 97 млн теңге өндірілді. Іс-шараны өткізу барысында Lexus, Toyota Land Cruiser, Mercedes Benz, Tundra маркалы және қозғалтқыш көлемі 4 мың текше см-ден асатын 20-дан аса көлік айыппұл тұрағына қойылды, - делінген мәліметте.
Рейд жыл соңына дейін тұрақты түрде жалғасады. Бұл ретте kgd.gov.kz сайтының және e-Salyq Azamat мобильді қосымшалары мен екінші деңгейдегі банктер көмегімен қарызды тексеруге болады.

