Жаңалықтар

ЕЛОРДА ШЕБЕРЛЕРІ «ӨЛКЕТАНУ» КІТАБЫНА ЕНДІ

Нұр-Сұлтан қаласы «Desht-i-Art-Astana» шеберлер альянсы» қоғамдық қорының шеберлері «Алматы кітап» баспасының «Өлкетану» кітабына енді.
ЕЛОРДА ШЕБЕРЛЕРІ «ӨЛКЕТАНУ» КІТАБЫНА ЕНДІ
30.04.2019 00:00 5664

Нұр-Сұлтан қаласы «Desht-i-Art-Astana» шеберлер альянсы» қоғамдық қорының шеберлері «Алматы кітап» баспасының «Өлкетану» кітабына енді. Олар Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасының аясында жұмыс істейді. 

Кітапты таныстыру қалалық № 26 мектеп-гимназиясының қабырғасында өткен болатын. Іс-шара барысында альянс пен мектеп арасында ынтамақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

№ 26 мектеп-гимназиясында өткен «Өлкетану» кітабының таныстыруында (Фотоны ұсынған Р. Балмағанбетова).

Қолөнер саласына өзіндік үлесін қосып жүрген шеберлермен таныстыру мақсатында оларды сұхбатқа тартқан болатынбыз.

«Desht-i-Art-Astana» шеберлер альянсы» төрайымы Рауза Балмағанбетова кітаптың тұсаукесері жайында әңгімелеп, шеберлер мен альянстың жоспарларымен бөлісті.

— Жалпы мақсаттарыңыз қандай? Ынтымақтастықта жұмыс істеп, берекелі істе иық тірестіріп жүрген ниеттестеріңіз бар ма?

— Біз №26 мектеп-гимназиямен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Бізде «Шебер-Шәкірт» деп аталатын бағдарлама әзірленген, соның аясында біз балалармен жұмыс істейтін боламыз, әсіресе осы мектепте білім алып жатқан ерекше балаларға көп көңіл бөлмекпіз.

«Desht-i-Art-Astana» шеберлер альянсы» қоғамдық қорының мүшесі Зинаида Оленич.

Шеберлер шеберлік сыныптарын өткізіп, өнерлі балаларды анықтап, оларға қолдау көрсетпек. Алда көптеген маңызды жоспарларымыз бар, бәрін бірден жайып, ашық айтуға әлі ертерек.

Құрылғаннан бастап біз келесі бағытты мақсат етіп келеміз – барлық шебер еліміздің өңірлеріндегі қолөнершілердің басын қосып, олардың еңбегін, бұйым жасаудағы әдіс-тәсілін жас ұрпаққа тарату. Ниет білдірушілерді оқыту, ұлттық мұраны сақтап және оны көбейту.

Альянс шеберлерінің шәкірттері — жас шеберлер. Жұмыс барысы.

— «Өлкетану» кітабының тұсаукесері өткенінен хабардармыз. Оған тікелей қатыстарыңыз да бар екен. Соған тоқтала кетсек.

— Біздің альянстың басым көпшілігі жастар. Қолымыздан келгенше өскелең ұрпаққа қолдау көрсетіп жатырмыз.

Жансерік Айданшалқар — Моңғолиядан келген қандасымыз, шеберлер альянсының мүшесі, жас кәсіпкер.

6 сәуірде «Өлкетану» кітабының тұсаукесері өтті, оған біздің он саусағынан өнер тамған жеті-сегіз қолөнершілеріміз енгізілді. Солардың бірі – Әбілқайыр Оразбахов. Ол суретші, былғарыдан саналуан мүсіндер жасайды. Сонымен қатар кітапқа Асхат Бозымбаевтың отбасы енді. Бұл отбасының «Бесаспап» деп аталатын шеберханалары бар.

№ 26 мектеп-гимназиясында өткен «Өлкетану» кітабының таныстыруында (Фотоны ұсынған Р. Балмағанбетова).

Тұсаукесерге «Алматы кітап» баспаханасының редакторы қатысты. Біз қолөнершілерміздің бұйымдары қойылған көрме ұйымдастырдық. Оған білім саласының өкілдері қатысып, тамашалады. Тіпті кейбірі астанамызда өнері өрге жүзген қолөнершілердің барына таңғалып, таңдайларын қағысты.

ҚХА кәсіпкерлер қауымдастығының жастар старт-апы, отандық тауар өндірушілер мен қолөнершілердің өнімдер көрмесі. Айсәнім Қастееваның туындылары.

— Биыл Жастар жылы, осы орайда альянстағы жастар туралы және де жалпы кітапқа еңген шеберлермен таныстыра кетсеңіз.

— Еліміздің болашағы – жастарды өте қатты қолдау қажет. Біздің жас шеберлеріміздің бірі – театр және киноның костюм бойынша көркемдеушісі Айсәнім Қастеева Қазақстан халқы Ассамблеяының Кәсіпкерлер қауымдастығының екі форумына қатысты. Онда ол өз жұмысының үлгілерін көрсеткен болатын. Сонымен қатар Айсәнім өзінің атасы Әбілхан Қастеевтің есімін жалғастыру мақсатында өз атынан студиясын ашқысы келетіні туралы арманымен бөлісті. 

Сол форумда жанашыр адамдар арманын орындау мақсатында Достық үйінен шеберхана ашу үшін орын беретіндерін айтқан болатын.

Қазіргі уақытта бұл үдеріс басталып, шеберлер сол жерге қоныстанады деп күтілуде. 

2017 жылы «Жастар синергиясы» форумы өткен болатын. Онда жас қолөнерші Досхан Сейітжанов сөз сөйледі. Ол ағаштан кәдесый жасайды. Оның үстіне оның жобасы үздіктердің тізіміне енді.

Қыштан жасалған бұйымдар.

— Жас шеберлердің мүддесі жайында айта кетсеңіз. 

— Қазіргі жастар қаржылай көмек сұраса, біздің қолөнершілер шеберхана сұрайды. Досханға да шеберхана керек, ол жерде ол өзінің білдектерін қойғысы келеді. Соған қашан қол жеткізгенше, шағын шеберханада жұмысын істеп жатыр. Оған шамамен жетпіс-сексен квадрат метр жер керек.

Жүннен жасалған қуыршақтар.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Бақыт Сұлтанов жаңадан тағайындалғанда, халықпен кездесу барысында қолөнершілер үйін ашып беруді сұраған болатынбыз. Мысалы, Алматыда мұндай үйлер бар. Ол бұл мәселе жоспарға енгізілгені, жүзеге асыру жолдары қарастырылып жатқанын жеткізген болатын. Асыға күтудеміз.

Шеберлер отыратын дүңгіршек.

Аудандық және қалалық әкімдікке бізге қолдау көрсетіп жүргеніне алғысымызды білдіреміз. Уақытша болса да, олар бізге шеберхана орнынын беріп отыр, бұл шеберлерімізге айтарлықтай көмегін тигізуде.

Қолөнер сабағы. Жасөсіпірім оқушының жүннен ою салуды үйрену барысы.

Осы сәтті пайдалана отырып, жастарға бізге келсін деп айтар едім. Бізде мықты ұстаздар бар, олар өздерінің білгендерін үлкен ықыласпен үйретеді. Мұны айту себебім, жастарда қызығушылық бар. Мысалы, жаз айында «Бәйтерек» монументі маңында жұмыс істегенде, колледж студенттері келіп, шеберлік сыныптарына қатысты. Олардың бойынан үйренсек деген талпыныстың барын аңғардық. 

Біз жастардың бойында құлшыныс оты маздап жанып тұрғанда, оны лапылдатып жандыртуға міндеттіміз. Ұлттың мәдени мұрасы ғасырлардан үздіксіз ұрпақтан ұрпаққа аманат болып келеді. Әр адамның санасын рухани байыту қажет.   

Ал енді көзін тапқаны – кәсібіне айналдыра алады.

Альянсымызда отбасымен қолөнер шеберлігімен айналысатындар бар. Соның арқасында отбасыларымен жағдайын жасап жатқан жайы бар.

Арасында ауылдарға барып көрмелер өткізіп жүрміз. Ол жақта жұмыссыз отырған келіншектер мен жастармен жұмыс жасауды ойластырып жүрміз. 

Альянс құрамында қырықтан астам шебер бар. Сұхбатымыздың барысында кейбірімен таныстыра кететін боламын. 

Әбілқайыр Оразбахов – суретші, теріден мүсіндер жасаушы шебер. Алматыда көркем сурет училищесінде оқыдым. Кейін бас қаламызға келіп, мықты суретшілермен, қолөнер шеберлерімен танысып, араласып жүрді.

Теріге салынған дөңесті сурет.

— Көптеген жандармен талай көрмелерге барып, жанында жүріп, білмегенімді үйреніп, осы жолға түстім.

Қазір жасалып жатқан дүниелер қазақи нақышта, ұлттық өрнекте жасалады. Бұл өзіміздің ескі түркі балбалдардың мүсіндері, Сақ дәуіріндегі батырларының, сақ қыздарының бейнелері. Тері арқылы бейнелеп, ою-өрнек арқылы солардың образдарын жасап шығарамын.

Бұл істе өзіме қатты әсер қалдырып, өнерге үйреткен Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, академик Аманат Назарқұлов болатын. Сол кісінің қасында он шақты жыл жүріп, біраз дүниені үйрендім. Өнерді арқаланып жүргеніме он бес шақты жыл болыпты.

Теріге көшірілместен бұрын суреттің нобайы ақ қағазға түсіріледі.

Қазір қолымыздан шыққан дүниелеріміз Италия, Франция, Америка елдерінде танылып, солардың елшіліктері, әкімшіліктерінің демеуімен экспорттап жүрміз. Шетелдіктерге ұнағаны соншалық, үлкен сұранысқа ие болып, көңіліміз марқайып қалған жөні бар.

Осы жетістіктерімізді білім орталықтарында, мектептерде балаларға үйретіп, әрі қарай өзіміздің қазақ өнерін дамыту үшін, басқа мемлекеттердің алдында салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды танытып, жоғары деңгейде көрсету үшін кішкене әкімшілік тарапынан демеу болуын сұрап та жүрміз.

Теріге салынған аспалы сурет.

2017 жылы дүркіреп өткен ЭКСПО-да шеберлер ауылында көрмеміз қойылып, «Бәйтеректің» қасында да әкімшіліктің демеуімен шеберлеріміз біраз жұмыстарын көпшіліктің назарына ұсынды.

Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында санаулы шеберлердің басын қостық. Рауза Жәкенқызы ұйым құрып, мүшесіне айналдық.

Біз өзіміздің бұйымдарды жасауда қиындықтарға көп тап боламыз. Мысалы, тері илеу жұмысы өте күрделі. Қалада тұрғаннан кейін көпқабатты үйде толыққанды жұмыс істеу қиынға соғады. Дегенмен де қолымыздан келгенше істейміз. Егер оны істемесек, мына жұмыстар жарыққа шықпайды, халыққа жетпейді. Шеберханамыз болса, теріні басқа өңірден сатып та алмайтын едік. Өзіміз илеп, өңдеп алар едік.

Әбілқайыр Оразбахов «Өлкетану» кітабына енген шеберлердің бірі.

Қазір теріні арнайы технологиямен жасайтын Қазақстанның қалалары – Тараз бен Шымкенттен тапсырыспен алдырамыз. Шет мемлекеттерден – Моңғолия, Германиядан алдырамыз. Олардан сондай-ақ терілердің пигменттерін, бояуларына тапсырыс береміз. Жақсы технологиямен жасалған бояулармен боялған терілер адам денсаулығына зиянын тигізбейді. Өйткені олар кәдімгі сумен істелген. Барлық шикізат басқа қалалардан алдыратын болғандықтан, біздің бұйымдардың бағалары аздап көтеріңкі.

Ал енді шетелдерде арнайы тапсырыспен жасалып келетін қазақи бұйымдардың сапасы төмен әрі зиянды болуы ықтимал.

Ұсақ бұйымға сурет салу барысы.

Жоғарыда айтып өткендей, мал терісін илеу – қалада тұрғаннан кейін өте қиын. Сол себепті, тапсырыспен илетеміз. Шамамен он күннен жиырма күнге дейін дайындап жібереді. Уақытымыз соны күтумен кетіп қалады. Мысалы, бір картинаны жасау үшін теріні илеп, өңдеп, өзінің бабына келтіргеннен кейін оны арнайы ағашқа құм салып, көтеріп, пішін беріп кептіреміз. Осыған төрт-бес күн уақыт кетеді.

Тазалау үдерісі екі күн уақыт алады. Бір туындыны бір терінің үстіне түсіру үшін он бес-жиырма күн уақыт кетеді. Одан соң оны бояу жұмысы бар, біткен соң тазаланады, жылтыр сырмен сырланады, тағы да кепкенше күтесің. Көрмелер жиі ұйымдастырылуы керек. Халық көрмеген бұйым үйде шаң басып тұрғаны – өнерге жасалған қиянат.

Асхат Бозымбайұлы – теріден бұйымдар жасайтын шебер, «Бесаспап» ұлттық қолөнер орталығының негізін қалаушы.

— Қолөнер бұрыннан қазақтың келе жатқан өнердің киелісі дейді ғой. Атаның қанымен, ананың сүтімен дарыған деп бекер айтпаған. Біз отбасымызбен, яғни, әке-шешелеріміз де, нағашы жақтан да қолөнер шеберлері болған. Әкеміз ұста, мерген кісі. Өнері балаларына дарыған.

Ең үлкен ұстазымыз – Марат Алматыдағы шеберлер ауылында тұрады. Одан кейін Амантай қолөнерші, ең кенжесі мен. Бұл іспен 1995 жылдан бері айналысып келемін. Мектепті бітіріп, Алматыға оқуға түскеннен кейін, арнайы қолөнер шеберлері ауылына барып, үйренген болатынмын. Бүгінде өзіміз айналысып қана қоймай, шәкірт тәрбиелеп отырған жөніміз бар. Мысалы, Қарағанды қаласында үш шәкіртім бар.

Қазіргі таңда отбасымызбен «Бесаспап» ұлттық қолөнер орталығын аштық. Жолдасым Гаухар Қанатбаева киіз басудан және негізгі бағыты – қазақтың ұлттық бас киімдерін тігу. Мысалы, тымақ, бөрік. Екі ұлым да қолөнермен айналысады. Үлкен ұлым Шабыт – 1-ші курс студенті.

Асхат Бозымбайұлы әңгіме барысында ұлттық нақышта әмиян жасап үлгерді.

Менің тақырыбым – тері бұйымдары, оны қайыс деп айтамыз, қолдан иленген малдың терісі. Осы қайыстан қамшы, қалқан, батырдың қару-жарақтарын: қылыш, садақ, найза, сандық жасаймын. Сандықтың екі түрі болады: ағаштан жасалғаны, сосын жағлан дейтін түрі. Соңғысы терімен қапталған (қайыспен қапталады). Қазақтың үйінде қашанда қамшы тұру керек деп бекер айтпаған ғой. Қазір қамшыларға сұраныс көп және де торсықтарды да сұрайды.

Сұранысқа ие торсық, қамшы бұйымдар.

Заманауи үлгіде портфель істеп шықтым. Бұл портфельдің төрт данасы ғана бар, соның бірі – Конго мемлекетінің премьер-министрінде. Бір көрмеде ол кісі өзі сатып алып кетті. Қалғанын өзіміздің отандастарымыз иеленген болатын. Сұранысқа ие шағын дүниелер, мысалы, шетелдіктерге алып кетуіне ыңғайлы кәде сыйларды да жасаймын. Бір қызығы – олар бұйымдарымызды қымбатсынбайды, себебі, қолөнер бұйымдарын қастерлейді. Фабрикадан шыққан дүниелер кез келген жерде бар, ал қолөнершінің қолынан шыққан дүниеге олар өте құштар келеді.

Үлкен тапсырыстар ірі мекемелерден келіп жатады. Көбіне тапсырысқа батырлардың сауыттары, киімдері беріледі. «Көшпенділер», «Қазақ елі» киноларын түсіру кезінде, тапсырыс орындаған болатынбыз. Ертоқым, батырдың киімдері, қару-жарақтарын жасадым.

Алдағы уақытта «Бесаспап» қолөнер орталығымызды әрі қарай дамытып, үлкейтіп және шағын болса да этноауыл ашсақ деген ниетіміз бар. Шет жақтан келген қонақтар сол ауылдан дәм татып, қазақтың ұлттық тағамдарынан, сусындарынан, қолөнер бұйымдары қалай жасалатынын қолдарымен ұстап, сонымен қатар өздері істеп көруіне болатын еді.

Альянс шеберлерінің жұмыстары.

Осы уақытша бөлінген алаңда күн жылынып, жаз келгенде шеберлердің бұйымдарын тамашалау мүмкіндігі туады. Қолөнер шеберлігін меңгеремін деушілерге альянс шеберлері қашан да білімімен бөлісуге дайын.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға