Жаңалықтар

Елордаға АҚШ пен БАӘ-нен ДНҚ ғылымдарының сарапшылары келді

Қазақстан өзінің ДНҚ деректеме базасы бар 59 елдің қатарында
Елордаға АҚШ пен БАӘ-нен ДНҚ ғылымдарының сарапшылары келді
Фото: polisia.kz 23.09.2022 15:11 1199

Елордаға АҚШ пен БАӘ-нен ДНҚ ғылымдарының сарапшылары келді. Халықаралық конференцияда қылмысты ашудағы ДНҚ сараптамасының өзектілігі, Қазақстандағы геномдық деректер базасының маңызы туралы айтылды. Әлемдік тәжірибелер сараланып, жедел-криминалистикадағы бұл әдісті дамыту жолдары талқыланды, деп хабарлайды El.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

“Біз мұнда қазақстандық сарапшылармен, әлемдік деңгейдегі ғалымдармен тәжірибе алмасуға келдік. Қылмысты анықтауда ДНҚ сараптамасы ұтымды айғақ болады. Әркім өз еліндегі озық тәжірибені әкелді, енді олардың ең жақсы тұсын көрсетеді. Сіздер әрқайсысын саралап жүрмейсіздер, тек өздеріңізге қажетті, жаңа әдісті меңгеріп, үйрене аласыздар”, – деді Хельсинки университеті Криминалистикалық медицина факультетінің профессоры Брюс Будоул. 

“Қазақстан – Орта Азиядағы ДНҚ бойынша ақпарат базасы бар бірінші ел. Сіздің елде ДНҚ сараптамасын жасайтын жақсы мамандар бар, озық зертханалық құрылғылар да бар. Заңнамалық қолдау күшейсе, жұмыс қарқыны да арта түседі деп ойлаймыз. Біздің де мұнда үйренеріміз көп”, – деді GTH-GA президенті Тим Шеллберг. 

Қазақстан өзінің ДНҚ деректеме базасы бар 59 елдің қатарында. Әлемдік тәжірибе бойынша геномдық дерек қылмысты ашу мен қылмыстың алдын алуда тиімді екенін көрсетіп отыр. Ішкі істер министрлігі Жедел-криминалистикалық департаментінің бастығы Серік Садықов шетелдік қонақтарға бұл салада атқарылған жұмыстар жөнінде айтып, қазақстандық тәжірибемен бөлісті. 

“Қазақстанда генетика саласы жақсы дамыған. 2006 жылы қылмыс болған жерде пайдаланылатын бірінші генетикалық зертхана ашылды. 2014 жылдан бері Ішкі істер министрлігінің Орталық аппаратында арнайы зертхана жұмыс істейді. Ол барлық заманауи құрылғымен жабдықталған. Онда білікті мамандар қызмет атқарады. 2021 жылдан бері ауыр қылмыс жасаған қылмыскерлердің барлығын бимометриялық-генетикалық есепке тұруға міндеттейтін заң күшіне енді”, – деп атап өтті ІІМ өкілі. 

Заң бойынша сотталғандардан, сондай-ақ аса ауыр қылмыс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде алынған биологиялық материалдар геномдық базаға тіркеледі. Із-түзсіз кеткендердің туыстары тапсырған ДНҚ-сы, белгісіз мәйіттердің сараптамасы да есепке алынады. Бұл базаға кіріп, қылмысты жылдам ашуға мүмкіндік береді. Тіпті, кінәсізді ақтап, жоғалғандарды тез анықтауға көмектеседі. Ішкі істер министрлігінде ДНҚ зертханалары озық технологиямен жабдықталып, мамандар нәтижелі жұмыс жасап жатыр. Молекулярлы генетика саласындағы халықаралық конференцияға келген ғалымдар да бұған оң бағасын берді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға