Жаңалықтар

Елнұр Ахметов: Адами факторлар табиғатқа ең үлкен зиян алып келеді

Елнұр Ахметов: Адами факторлар табиғатқа ең үлкен зиян алып келеді
Фото: ©El.kz/Дәурен МАҚСҰТХАНҰЛЫ 26.06.2023 09:38 1992

Туризм бүгінгі таңда әлем халқы үшін танымал әрі өте жылдам дамып келе жатқан сала екендігі анық. Яғни ол әлемдік экономикада басты рөлдің бірін атқарады. Оның өсу қарқыны экономиканың басқа салаларының өсу қарқынынан 2 есе дерлік жылам десек болады. Туризмді негізгі көрсеткіштер жағынан мұнай-газ өнеркәсібімен салыстыруға да болады. Дүниежүзілік туристік ұйымның деректері бойынша ол әлемдегі жалпы ұлттық өнімнің 10/1 бөлгін, әлемдік өндірістің әр бір тоғызыншы жұмыс орнын қамтамасыз етеді.

1993 жылы Қазақстан Республикасы да Дүниежүзілік туристік ұйымға мүше болып кіріп, белсенді мүшесіне айналды. Елімізде соңғы жылдары туризмге үлкен мән беріліп, ол елдің тұтас өңірлерінің экономикасына белсенді ықпал ете бастағаны жасырын емес.

Осы ретте еліміздегі туристер ең көп келетін мекеннің бірі - «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Елнұр Ахметовпен болған жедел сұхбатты ұсынамыз.

El.kz: Елнұр Мұхамеджанұлы, «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі туризмнің жай-күйі қалай болып жатыр? Сұхбатымызды осыдан бастайық.

Елнұр Мұхамеджанұлы: «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі (МҰТП) 2007 жылы құрылған, 161045 га жерді алып жатыр. Алматы облысының Кеген және Талғар аудандарының таулы аймағында, теңіз деңгейінен 1800-3500 метрге дейінгі аралықтағы биіктікте орналасқан.

Елнұр Ахметов: Адами факторлар табиғатқа ең үлкен зиян алып келеді

Туризмге келетін болсақ, Ұлттық табиғи парк аумағында 2020 жылы келген туристер саны 210269, шетелдік саны - 2209 адамды құрады. Ал, биылғы жылы осы уақытқа дейін келген туристер саны 83452, шетелдік саны - 1016 адам. Олар Қытай, Ресей, Германия, Корея, Үндістан, Жапония, Америка, Белоруссия, БАӘ, Нидерланды, Польша елдерінен келген туристер.

Олар негізінен Көлсай, Қайыңды сайларына келген, 90 пайызы. Бірақ осы туристердің көп келуі салдарынан табиғаттың көп жері бұзылатыны тағы бар. Топырақ эрозиясы болады. Туристер негізі арнайы соқпақтар арқылы жүруі керек. Соны туристерге үнемі ескертіп отырамыз. Олардың қимыл-қозғалысын қадағалап отыру үшін туризм мамандарының санын көбейтуіміз керек. Сонымен қатар туристік фирмалармен де дұрыс жұмыс атқару керек. Олардың негізгі жұмысы ақша табу болса, біздікі табиғатты қорғау. Соны олардың есіне салып отырамыз.

Елнұр Ахметов: Адами факторлар табиғатқа ең үлкен зиян алып келеді

Негізінде адами факторлар табиғатқа ең үлкен зиян алып келеді. Олар түрлі қоқыстар тастайды, адам аяғы басқандықтан жеріміз бен өсімдіктер әлемі, жан-жануарларымыз зардап шегеді. Сондықтан алдағы уақытта туристік рекреациялық ресурстарға сәйкес, «Күнделікті қанша адам болуы керек, әрбір көлге қанша адамды қабылдай аламыз?» дегендей сұрақтарға жауап бере алатын өзіміздің бір нормамыз болуы қажет. Өйткені жылдан-жылға туризм дамып, үлкейіп, көбейіп келеді. Ал «біз сол туристер легіне дайынбыз ба, дайын емеспіз бе?» деген сұрақ туады.

Мысалы, бір ғана Американың өзінде Гранд Каньонға жылына 1,5 млн адам барады екен. Соның өзін уақытпен бөліп-бөліп қойған. Кәдімгі театрға баратын сияқты арнайы билет саны шектеулі болады. Ол билеттер таусылған соң, сіз ол жерге кіре алмайсыз. Сіз басқа күнге билет алуыңыз керек болады. Сол әдісті бізге де енгізу керек. Бұл менің ұсынысым.

El.kz: Өзіңіз айтқандай қаптап келіп жатқан туристерден түскен қаражат қайда түседі. Республикалық бюджетке ме әлде өздеріңіздің жеке есеп-шоттарыңызға ма?

Елнұр Мұхамеджанұлы: Жалпы бір туристің паркке бір жолғы кіру ақысы 845 теңге, тариф бойынша. Студенттерге 30%, оқушыларға 50% жеңілдік бар. Мүгедектер мен ардагерлерге тегін тарифтер қарастырылған. Жаңағы аталған соманың 345 теңгесі республикалық бюджетке кетеді де, 500 теңгесі Ұлттық табиғи парктің арнайы есеп-шотына түседі. Ол қаражатты біздер дәретханаларды тазалауға, қоқыстарды жинап тасуға, соқпақтарды жөндеп-реттеу жұмыстарына, туризм саласының жұмыстарына жұмсаймыз. Соның өзі қазіргі уақытта жетіспейді. Өйткені бірнеше шақырымға созылатын соқпақтарды реттеп, қоқыстан тазартып отыру үшін қосымша жұмысшы алуымыз керек, оның өзі үлкен жұмыс.

El.kz: Бүгінгі таңдағы Ұлттық табиғи парктің өртке қарсы дайындық жағдайы қалай?

Елнұр Мұхамеджанұлы: Өрт қауіпсіздігі ұлттық табиғи парктің ең күрделі мәселелерінің бірі. Ол ешқашанда біздің назардан түспейді. Күнделікті жұмысымыздың бірі осы өрт қауіпсіздігі. Техникалық қауіпсіздік іс-шараларынан басталады. Ұлттық табиғи паркте қазіргі уақытта 2 арнайы өрт сөндіргіш автокөлік бар. Өрт маусымына арналған қойма бар, онда өртке қарсы керек-жарақтар сақталады.

Елнұр Ахметов: Адами факторлар табиғатқа ең үлкен зиян алып келеді

Ол парктің әкімшілік ғимаратының жанында орналасқан, сонымен қатар әр жерде инспекторлар отыратын мемлекеттік кордондар бар, сол жерлерде де бар.

El.kz: Өртке қарсы қызмет ететін қанша қызметкеріңіз бар?

Елнұр Мұхамеджанұлы: Жалпы «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде 71 мемлекеттік инспекторға арнайы бөлінген айналымдары бар, қорғайтын. Ол жерде өрт қауіпсіздігі мәселесі, орман шаруашылығы, орманды қорғау, орманға екпе егу жұмыстары және т.б. қызметтер жүзеге асырылады. Онымен қоса осы өрт қаупі бар кезеңде біз қосымша 6 өрттен қорғау қызметшілері мен автокөліктерін аламыз. Олар орталықтандырылған жан-жақты радиобайланыс құралдарымен қамтамасыз етілген. Өйткені біздің парк таулы аймақ болғандықтан көп жерлерде байланыс жоқ. Сонымен қатар, өртке қарсы жыл сайын ормандарда санитарлық кесу сияқты тазалау жұмыстары жүргізіледі.

El.kz: Өрт неден пайда болады, зерттеп көрдіңіздер ме?

Елнұр Мұхамеджанұлы: Әрине, өрт, біріншіден, табиғи жағдайда пайда болуы мүмкін. Ол найзағай түсуінен, тастардың құлауы кезінде шақпақтардың бір-біріне соғылуы әсерінен болатын ұшқыннан шөп өртеніп, ол орман өртіне ұласуы мүмкін. Екіншіден, адамдардан келетін өрт қаупі бар. Ұлттық табиғи парк аумағында 7 туристік бағыт бар. Оның ішінде ең танымалы Көлсай көлі, 1, 2, 3 көлдер. Одан кейін Қайыңды көлдері. Сонымен қатар Саты сайы, Құрметі, Талды сияқты туристік орындар бар. Аумақтарға туристердің келуіне байланысты, оларға арнайы белгіленген орындарда ғана от жағуға болатындығын, техникалық қауіпсіздікпен таныстырып өткен күннің өзінде, кейбір адамдар жай ғана темекі тұқылын өшірмей тастай салғанының кесірінен өрт пайда болады. Одан бөлек сынған бөтелкелер, түрлі әйнектердің сынықтарына күннің түсуі арқылы «лупа» пайда болып, содан да өрт шығып кету қаупі бар. Соған байланысты өртке қарсы қадағалау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп отырады.

El.kz: Өртке қатысты қандай да бір мәселелер бар ма?

Елнұр Мұхамеджанұлы: Өрттің алдын алуға қатысты мәселелердің көбі, таулы аймақ болғаннан кейін, көп жерге біздің өртке қарсы машиналарымыз бара алмайды. Сондықтан да ол жерлерге міндетті түрде мемлекеттік инспекторлар атпен немесе жаяу шығу арқылы ғана барады.

Алдағы уақытта орталықтандырылған диспечерлік қызмет құрылса дұрыс болар еді. Ондай бірнеше ұлттық табиғи парктерде кездеседі. Мысалы, «Бурабай» МҰТП-де өрт қаупі бар маусымға және бараконьерлерліктен (қаскерліктен) қорғау және жалпы жұмыстарды қадағалуға байланысты 380 градуста 20 шақырымға дейінгі аумақты көрсететін мұнаралар (вышка) орналасқан, сондай мұнаралар орналастырылса жақсы болар еді.

Табиғи парктер болсын, мемлекеттік орман қоры жерлері болсын, орман шаруашылғы мекемелері болсын сондай тәулік бойы жұмыс істейтін орталықтандырылған диспечерлік қызмет қадағалап отыруы тиіс. Олар түтін шыққан уақытта өздері белгі береді, арнайы компьютерлік бағдарлама жасалынған. Мұндай қызметтер бірнеше орман шаруашылықтарына жасалып жатыр.

Орман өрттері негізінен үш түрге бөлінеді. Жоғарғы өрт, ортаңғы өрт және төменгі өрт. Ең қауіпті өрт жоғарғы өрт, ол сағатына 120 км жылдамдықпен болатын өрт. Жолындағыны жалмап, зулап өте шығады. Ол енді қатты жел болған жағдайда орын алады.

Өрттің алдын алудың негізгі жұмыстарының бірі жоғары жақтан бақылап, мұнаралар орнату арқылы қарау. Байланыс құралдарын көбейту.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта әуе кеңістігінен бақылау жасайтын тікұшақтардың қажеттілігі туындап отыр. Ол мүмкін Төтенше жағдайлар министрлігінде немесе біздің министрлікте болып көбірек пайдалануға мүмкіндік туса жақсы болар еді. Мысалы, қазіргідей өрт маусымында орман шаруашылығы мекемелері мен әкімдіктер тығыз байланыста болуы керек. Себебі жалғыз біз емес, жанымызда Кеген орман шаруашылығы мекемесі бар, «Алматы» қорығы бар, одан әрі «Іле Алатауы» МҰТП бар, мына жағымызда «Шарын» МҰТП бар. Сондай бір-біріне жақын орналасқан мекемелердің әрқайсысында болмаса да, үш-төрт мекемеге авиациялық құтқару нысандары жасақталса, өрттің алдын дер кезінде алуға болады.

Елнұр Ахметов: Адами факторлар табиғатқа ең үлкен зиян алып келеді

El.kz: Ендігі сауал, төтенше жағдайларға қатысты, сіздерде бірнеше көлдер бар, ол жерге келген туристер суға батып кетсе, оларды құтқарушы-дайверлер бар ма?

Елнұр Мұхамеджанұлы: Әзірге біздің Паркте ондай дайверлер жоқ. Құтқару жұмыстарын Парк жүргізбейді. Біздер тек алдын алу жұмыстарын атқарамыз. Суға түсірмеу, адамдарды суға жақындатпау дегендей. Оған мемлекеттік инспекторлар мен туризм мамандары болып қарап отырамыз. Сонымен қатар туристер кірген кезде міндетті түрде техникалық қауіпсіздіктің барлығы көрсетіліп, түсіндіріледі.

«Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің арнайы ережесі бар, Паркке кіріп-шығу туралы. Ол Ұлттық парк аумағында болғанда қандай қызметтерге рұқсат бар, қайсысына рұқсат жоқ екендігін ұғындырады. Жартастың үстіне шықпау, өзенге түспеу, көлге бармау деген сияқты рұқсат етілмеген шектеулер сол Ережеде жазылған. Өкінішке қарай, көп адамдар сол Ережемен танысқан күннің өзінде ішімдік ішіп алып суға түсіп кететін жағдайлар болып тұрады.

El.kz: Парк қызметкерлерінің айлығы қанша?

Елнұр Мұхамеджанұлы: Біздегі бақылау жұмыстарын инспекторлар таудың үстімен атпен жүріп, дүрбімен қарап қарауылдайды. Олар арнайы киіммен, керек-жарақпен қамтамасыз етілген. Бірақ кейде күндіз-түні жұмыс істеуге тура келеді, кейде сенбі-жексенбі күндеріне, мейрамға қарамай. Осы ретте біздегі еңбекақының аздығын айта кеткім келеді. Қазір мемлекеттік инспектор - орман шаруашылығының маманы 100 мың теңге айлық алады. Ал енді мамандар 120-180 мың теңге көлемінде, ал ең азы 70 мың теңге көлеміндегі айлықты өрт сөндірушілер алады. Жыл өткен сайын туристер саны артқан сайын біздің қызметкерлердің жұмысы да көбейіп барады. Ал, еңбекақы көлемі сол күйі өзгермей келеді. Сондықтан алдағы уақытта осыған жоғары жақтағылар назар салса екен дегім келеді.

El.kz: Табиғатты қорғау, экологияға байланысты түрлі шараларды жүзеге асыратын Қызыл Жарты ай, Қызыл Крест, ЮНЕСКО, БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдар бар ғой, солармен байланыстарыңыз бар ма?

Елнұр Мұхамеджанұлы: Біріккен Ұлттар Ұйымымен табиғатты сақтау бойынша байланысымыз жақсы, үздіксіз жүргізіліп келеді. Жыл сайын олар өздерінің жұмыстарын атқара отырып, Ұлттық табиғи парктің материалдық-техникасын жаңарту үшін қолдарынан келгенше көмектесуде. 2020 жылы екі «УАЗ» автокөлігін алып берді. Одан кейін туристік бағыттарды жабдықтау бойынша Саты туристік маршрутын толығымен жабдықтады. Ол жерде кіргеннен бастап, аншлагтар қалай тұру керек, демалыс орындары қалай болуы керек, солардың барлығын халықаралық стандартқа сәйкес жасап берді.

Сонымен қатар мемлекеттік кордондарда, мысалы Талды, Саты, Көкжазық деген жерлерді электр желісімен, токпен қамтып берді. Олар күн сәулесінен қуат алатын 2,5-5 кв. арнайы панелдер алып берді. Нәтижесінде, қазіргі уақытта сол кордонда күн көзінен немесе жаңағы электр желісі арқылы балама қуат көзін алу арқылы мемлекеттік инспектор үйінде теледидар көре алатын жағдайға жетті.

El.kz: Еріктілерді туризм жұмыстарына тарту жағы қалай жүзеге асуда?

Елнұр Мұхамеджанұлы: Жыл сайын наурыз бен мамыр айы аралығында үш айға созылатын «Саябақтар шеруі» деген экологиялық акция өтеді. Ол 1996 жылы Америкада бастау алған дүниежүзілік табиғатты қорғау акциясы. Сол кезде көптеген еріктілер келеді. Оның ішінде жоғары оқу орындарының студенттері, колледж студенттері, мектеп оқушылары да бар. Көбінесе география факультетінің студенттері. Солар осы «Көлсай көлдері» МҰТП-не келіп бір күндік акцияларға қатысып кетеді. Оның ішінде «Бұлақ көрсең көзін аш», «Құстарға ұя салу», «Табиғатты аялайық» дегендей көптеген іс-шаралар өтеді.

Мысалы, біз биыл осындай 18 акцияны өткіздік. Сонымен қатар біз балалар үйімен, бала бақшалармен де жұмыс істейміз. Осының қорытындысы ретінде акцияның кең көлемде жабылуын өткіземіз. Белсенді қатысқандарға үздік университет, үздік мектеп атауларын береміз, сондай-ақ ынталандыру мақсатында үздік студент, үздік оқушы деген атақтар беріп, естелік сый-сияпаттар жасаймыз.

Айтайын дегенім, еріктілермен біздің мәселелер шешілмейді. Себебі қазір бізде туризм қысы-жазы болатын болды. Мұнда қыстың күндері де келіп жатады. Сондықтан «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы үлкен болғанымен туристерді шектеу жұмыстары жүргізілуі керек. Өрт қаупі бар маусымда, қыстың күндері және сондай кезеңдерде шектеу жұмыстарын жүргізіп, олар тек арнайы туристік соқпақтармен ғана барып, экологиялық туризмді өз көздерімен көріп, танысып қайтуы керек.

Ұлттық табиғи парктің ең негізгі мақсаты осы табиғи кешендерді сақтап, болашақ ұрпақтарға қалдыру.

El.kz: Жұмыстарыңыз қауырт болса да, уақыт тауып сұхбат бергеніңіз үшін рахмет. Істеріңізге сәттілік тілейміз!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға