Элизабет әлемде 16-шы орында
АҚШ-тың Милуоки қаласында мәнерлеп сырғанаудан Skate America кезеңіндегі Гран-при сериясының жаңа маусымы мәресіне жетті. Мәнерлеп сырғанаудан Гран-придің финалдық кезеңіне дейін ұпай жинап, рейтингте көш бастауға барлық спортшы үшін мүмкіндік бар.
15 жастағы қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы АҚШ-та аяқталған Skate America жарысынан кейін ISU (Халықаралық коньки спорты ұйымы) жариялаған рейтингте қазақстандық Элизабет Тұрсынбаева 27-орыннан 16-орынға көтерілді.
Ол Skate America жарысында төртінші орын алып, жетістігі үшін жеке қоржынына (рейтингіне) 290 ұпай қосты.
Элизабет Тұрсынбаева АҚШ-тың Милуоки қаласында Skate America ISU Grand Prix жарысында төртінші орын алды. Ол негізгі бағдарламада 119,30 ұпай, ал қоссайыс қорытындысы бойынша 178,56 ұпай еншіледі. Skate America жарысының алтын медалін ресейлік Евгения Медведева (206,01) жеңіп алды. Күміс жүлдені америкалық Грэйси Голд (202,80), қоланы – жапониялық Сатоко Муахари (188,07) иеленді.
Элизабет Тұрсынбаева тамызда 2015 Skate Detroit (АҚШ) пен Skate Canada (Канада) жарысында – алтын медаль, қыркүйекте ISU күнтізбесіне енетін U.S. International FSС (АҚШ) жарысында күміс медаль иеленді. Бұл Тұрсынбаеваның ересектер арасындағы алғашқы беделді жарысы болды. Ол қысқа және негізгі бағдарлама бойынша 177,91 ұпай жинап, жеке рекордын орнатты.
Әлемнің үздік ерлер мен әйелдер мәнерлеп сырғанаушыларының арасында өтетін турнир 6 кезеңнен тұрады. Қытысушылар еркін бағдарлама, жұптық сырғанау және мұз биі санаттары бойынша сынға түседі. Жарыстың ең үздік алты спортшысы жыл соңында Гран-при турнирінің ақтық сайысына қатысуға жолдама алады.
Тұрсынбаева 29-30 қазанда Skate Canada (Канада) Гран-приіне қатысуға дайындалады. Биылғы турнирге 15 жастан асқан спортшылар қатыса алады. 2015 жылғы Гран-при маусымының кезеңдері:
1 кезең: «Skate America 2015» АҚШ, Милуоки 23-25 қазан.
2 кезең: «Skate Canada 2015» Канада, Летбридж 30 қазан және 1 қараша.
3 кезең: «Cup of China 2015» Қытай, Бейжің 6- 8 қараша.
4 кезең: «Trophée Eric Bompard 2015» Франция, Бордо 13-15 қараша.
5 кезең: «Cup of Russia 2015» Ресей, Мәскеу 20-22 қараша.
6 кезең «NHK Trophy 2015» Жапония, Нагано 27-29 қараша.
Гран-при кезеңінің финалы: Испания, Барселона 10-13 желтоқсан.
Мәнерлеп сырғанаудан 2015/2016 Гран-при маусымының алғашқы кезеңі қазан айында басталса, соңғы кезеңі желтоқсан айында аяқталады.
Әзірлеген: Досжан Мейірім