Жаңалықтар

Елімізге Түркия мен Моңғолияның бұрынғы президенттері келді

Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мәлім етті
Елімізге Түркия мен Моңғолияның бұрынғы президенттері келді
Фото: facebook.com/darhan.hidirali 19.12.2022 20:39 2848

Елімізге Орталық Азия медиа форумының қонақтары келе бастады. Бүгін алғаш болып Түркияның 11-ші президенті Абдулла Гүл мен Моңғолияның 3-ші президенті Намбарын Энхбайар астанамызға аяқ басты. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мәлім етті, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі. 

"Аталған тұлғалардың медиа форумға арнайы шақырылуының өзіндік мәні бар. Мәселен Моңғолияның бұрынғы басшысы Намбарын Энхбайар мырза журналистикадан жетіліп шыққан қайраткер тұлға болса, Түркияның экс-президенті Абдулла Гүл мырза фотожурналистикамен әуестенетін, жаңа медиаға жаны жақын тұлға.

Ал ертең Орталық Азия медиа форумы басталады. Іс-шараға көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, беделді сарапшылар мен медиа мамандар, халықаралық деңгейдегі белгілі ғалымдар, саясаткерлер, журналистер қатысатынын хабарлаған едік.
Іс-шараның хэдлайнері – америкалық New York Times-тың 4 мәрте бестселлер иегері, қазақ қызы, бүркітші Айшолпан жайлы жазылған «Eagle Huntress» кітабының авторы Лиз Уелш, YouTube желісінде 18 миллиард қаралым жиған дүние жүзіндегі балаларға арналған ең танымал dBillions жобасының авторы Ернис Уметалиев және Пулитцар сыйлығының иегерлері. Сонымен қатар, іс-шараға БҰҰ, ЮНЕСКО, ЮНИСЕФ, UNFPA, ТҮРКСОЙ, АЫӨСШК, ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы өкілдіктері, ТМҰ, ИЫҰ, ТПА өкілдері қатысады", - деп жазды министр.

Елімізге Түркия мен Моңғолияның бұрынғы президенттері келді

Министрдің дерегінше, танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген БҰҰ резолюция арқылы бекіткен 21 қыркүйектегі «Халықаралық бейбітшілік күнінің» және әлемдік «Peace one day» жобасының авторы Джереми Гиллимен бірге бейбітшілік идеясы бойынша арнайы сессия өткізеді.

"Әлемге танымал қайраткерлер мен белгілі тұлғалардың басын қосқан ауқымды форумның елімізде өтуі жаңа идеялар мен тың бастамаларға сеп болады деген сенімдеміз", - деп жазды министр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға