Жаңалықтар

Еліміздің тұрақты дамуы үшін ақпараттық қауіпсіздіктің маңызы ерекше

Еліміздің тұрақты дамуы үшін ақпараттық қауіпсіздіктің маңызы ерекше
Фото: Дәурен Мақсұтханұлы 07.04.2023 09:06 1104

Алматы қаласында «Тұрақты даму мақсатында халықаралық журналистиканы оқыту модельдері» атты VII Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Биылғы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда мынадай бірнеше бағыттар, журналистік білім берудің цифрлық стратегиялары: Life Long Learning және жаңа медиа мамандықтары, заманауи білім берудегі цифрлық орта, тұрақты даму - жаһандық тренд және медиа талабы ретінде технологиялары және өзгерістерді жобалау, қоғамның тұрақты даму концепциясын жүзеге асырудағы БАҚ-тың рөлі сынды бүгінде қоғамды толғандырған бірнеше өзекті тақырыптар қамтылды.

Конференцияға отандық БАҚ басшылары, бас редакторлар, журналистер, БҰҰ-ның Қазақстандағы Қоғамдық ақпарат департаментінің өкілдері, шет мемлекеттердің елшіліктері мен консулдықтарының өкілдері, АҚШ, Ұлыбритания Польша, Түркия, Ресей ғалымдары мен бұқаралық коммуникация саласының зерттеушілері офлайн және онлайн форматта қатысты. Олар тұрақты даму мақсатында білім беру мен оқытудын жоғары стандарттарын алға тарта отырып, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әзірлеген «Масс-медиа туралы» заң жобасын да талқыға салды.

Еліміздің тұрақты дамуы үшін ақпараттық қауіпсіздіктің маңызы ерекше

Жиынды Журналистика факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Нұржан Қуантайұлы модератор ретінде қазақ және орыс тілдерінде жүргізе отырып, залда отырған қонақтар мен онлайн қатысып отырғандар арасында «алтын көпір» бола білді.

Келелі жиынға Қазақстандағы БҰҰ Ақпараттық бюросының басшысы Властимил Самек, Түркиялық Қажы Байрам Уәли университеті Журналистика факультетінің деканы Закир Авшар, ҚР Сыртқы істер министрлігі Алматы қаласындағы өкілдігінің Саяси ынтымақтастық басқармасының басшысы Алмаша Ареновалар онлайн түрде қосылып өздерін толғандырған ой-пікірлерін ортаға тастады.

Түркиялық профессор Закир Авшар өткенде өз елінде болған зілзала кезінде жан-жақты қолдау көрсеткен Қазақстан халқы мен оның Президентіне түрік жұрты атынан алғысын айта келе:

«Мұндай қиын жағдайларда бауырлас елдердің көмегі өте маңызды және осындай кезде түркітілдес елдердің, түркі халықтарының бауырластығын сезіне алдық. Осындай сәтте ғаламдық желінің маңызы зор. Қашықтан бақылау, дрон деген құралдардың әсері өте зор болды. Одан кейін радио және өзге де байланыс құралдары арқылы хабар тарату да маңызды болды. Сонымен қатар, әлеуметтік желілердің залалы болғанын да жасыра алмаймын. Яғни өз бастарындағы мәселені шеше алмай жүргенде жалған хабар таратып, олардың проблемасын ұлғайта түсті. Соның әсерінен заманауи технологияның пайдасы мен зиянын да тең көріп жатырмыз. Сондықтан да әлеуметтік желілер жайлы нақты журналистік зерттеулер жүргізу қажет екендігін жеткізгім келеді. Сөз соңында тағы да айта кетсем артық болмас. Біз қазақ жұртының қолдауын сезінгеніміз үшін бақыттымыз. Басымыздан өткен қайғылы жағдайдан соң, қалыпты жағдайға келуімізге осы байланыстың біз үшін маңызы зор», деп ерекше ризашылығын білдірді.

Жиында сөз болған көп тақырыптың бірі «Масс-медиа туралы» заң жобасы болғанын жоғарыда түртіп өттік. Бұл құжат мынадай мәселелерді шешуге бағытталғандығы айтылды: журналистердің мәртебесін көтеру; мемлекеттік қаржыландыруды реформалау; мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл; БАҚ-ын тіркеу тәртібін өзгерту; теле-радио хабарларын тарату саласындағы трендтердің өзгеруі.

Еліміздің тұрақты дамуы үшін ақпараттық қауіпсіздіктің маңызы ерекше

Алматы қаласындағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының коммуникация және ақпарат бөлімінің маманы Сергей Карпов:

«Мен ақпарат коммуникациясына тоқталайын. Себебі ақпарат коммуникациясы барлық саланы қамтитыны белгілі ғой. Біз отыз жыл бойы бейбітсүйгіш қоғамды құру жолында ойымызды еркін жеткізуге тырысып келеміз. Біздің мақсатымыз әлемде бейбітшілік орнату. БҰҰ-ның тұрақты даму мақсатындағы 16 қағидаты бар. Осы қағидаларды Қазақстан тұрақты түрде қолдап келе жатыр. Ол жаңадан әзірленген «Масс-медиа туралы» заңда да қамтылып отырғаны қуантып отыр. Әлем бейбіт өмір сүруі үшін оның әрбір мүшесі - Қазақстан сияқты әрбір тәуелсіз елде тыныштық болса ғана мүмкін болатынын айтқым келеді», - деп заң жобасы жөнінде өз ойын жеткізді.

Аталған заң жобасында көрсетілген мәселелерді шешу үшін мынадай халықаралық тәжірибені де ескергеніміз жөн: журналистердің құқықтарын нығайту және міндеттерін қайта қарау, сондай-ақ журналистердің артықшылықтарын кеңейту жөнінде жағдайлар жасау; жаңа ұғымдарды, субъектілерді анықтау және белгілі бір байланыс түрлерін белгілі бір санатқа жатқызу; гранттық қаржыландыру және субсидиялау тетігіне көшу; мемлекеттік органдардың журналистік сұраныстарды қарау мерзімдерін қайта қарау; интернет желілеріндегі хабар таратудың жаңа түрлерінің қызметін заңнамалық реттеу.

Атап айтар болсақ, бұл құжатта шынайылық пен тәжірибені ескере отырып, мемлекеттік қаржыландыруды іске асырудың жаңа тәсілдерін әзірлеу ұсынылып отыр.

Қазақстандық БАҚ-тың елімізде және әлемде болып жатқан түрлі процестерге өзіндік көзқарасы болуы тиіс. Шындығында ақпараттық қауіпсіздіктің көп нәрсеге әсері бар. Ол еліміздің идеологиялық егемендігіне де әсер етері сөзсіз. Сондықтан Қазақстанда сұраныстағы мықты медиаға ақпараттық кеңістікті құруға мүмкіндік туғызуы қажет. Сағат тіліндей тез зымыраған мына заманда бұрынғы БАҚ туралы заңның көп тұсы бүгінгі жағдайда өз осалдығын білдіріп жатыр.

«Бұл тақырыпта келесі бір маңызды нәрсені айта кетейін. Ол елдің ақпараттық қауіпсіздігі. Бұл бағытта да Қазақстанда оң өзгерістер бар деп айта аламын. Мысалы жақында ғана, нақты айтсам 20.03.2023 ж. Ақпараттық саясат туралы доктринаны қабылдау жөнінде ҚР Президенті Қ.К. Тоқаев қол қойған №145 Жарлығы шықты. Түсінген адамға бұл құжат толығымен адам құқығын қорғауға тұжырымдалған деп айтуға болады. Пікірді жеткізудегі еркіндікті, баспасөз еркіндігі тақырыбын қаузайтын журналистің қауіпсіздігін қорғау сынды негізгі тетіктер қамтылған маңызды құжат. Себебі осы салаға қатысты ендігі қабылданатын заңдардың барлығы осы Доктринаға негізделіп қабылданатын болады. Бұл соңғы отыз жылдағы ерекше жетістік деп ойлаймын», - деп Сергей Аркадийұлы өз ойын аяқтады.

Сонымен қатар бір күнге созылған конференция барысында әлемдік және отандық журналистика саласындағы жетекші сарапшылардың шеберлік дәрістері ұйымдастырылып, оған оқытушылар, студенттер, магистранттар мен докторанттар қатысты.

Айта кетейік, шараны әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультеті ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасы Алматы қаласындағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының қолдауымен Халықаралық Фараби оқулары аясында ұйымдастырды. Ресми әріптестері: Алматы қаласындағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросы, БҰҰ-ның Қазақстандағы қоғамдық ақпарат департаменті, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Пан Ги Мун Тұрақты даму институты, БҰҰ (UNAI) Академиялық ықпал бағдарламасының жаһандық хабы, «MediaNet» Халықаралық журналистика орталығы және «Түркітілдес журналистер қоры» Қоғамдық қоры болды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға