Жаңалықтар

Еліміздің ірі қалаларында айыппұлдың жаңа түрі пайда болады

Еліміздің ірі қалаларында айыппұлдың жаңа түрі пайда болады
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney 10.12.2024 15:00 380

Қазақстанның ірі қалаларында автокөлік жүргізушілеріне тағы бір айыппұл салу жоспарлануда. Бұл туралы Экология министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерболат Қожықов мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Комитет басшысы айтуынша, Алматыда пилоттық режимде автокөлік жүргізушілері уыттылық пен түтін нормаларын асырғаны үшін жазалана бастады.

Автокөлік құралдарынан бөлінетін газ бойынша жол карталары бекітілді. Жол карталары аясында нақты Алматы және Астана қалалары бойынша іс-шаралар көзделген. Бұл іс-шаралардың бір бөлігі орындалды. Сатылатын ЖЖМ сапасы аясында заң қабылданды. Сонымен қатар тексеру станциялары бойынша тиісті өзгерістер болды. Яғни, автокөлік құралдарына, атап айтқанда, автокөлік құралдарын техникалық байқаудан өту бойынша талаптар күшейтілді, - деді Ерболат Қожықов ОКҚ брифингінде.

Ол бүгінгі таңда Алматыда әкімдік қаражаты есебінен қаржыландырылатын және автокөлік құралдарына тиісті тексерулер жүргізілетін 19 экопост бар екенін айтты.

Алматы экологиясына көлік шығарындылары айтарлықтай әсер етіп жатқаны рас. Сондықтан қазір пилоттық режимде мұндай іс-шаралар жүргізілуде. Соның нәтижелері бойынша аталған шаралар республиканың басқа да ірі қалаларында қабылданатын болады, - деді Қожықов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға