Жаңалықтар

Еліміздің болашақтағы бейнесі: «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт»

Еліміздің болашақтағы бейнесі: «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт»
Фото: Ақорда 15.03.2024 16:48 1468

Президент  Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің болашақтағы бейнесінің негізгі сұлбасын «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деген үштаған ұғым арқылы сипаттауға болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, бұл үшеуі  бір-бірінен бастау алады және өзара тығыз байланысты.

Еліміз стратегиялық бағдарынан ешқашан ауытқымайды. Біз мықты демократиялық институттары және дамыған құқықтық жүйесі бар Әділетті мемлекет құрамыз. Ел ішінде заң мен тәртіп қатаң сақталады. Бұл – саясатымыздың тұғырлы қағидаты. Біз баршаға және әрбір адамға бірдей мүмкіндік беретін қоғам қалыптастырамыз. Адал азаматтар табанды еңбегімен еліміздің дамуына өз үлесін қосады. Біз «бірлігіміз – әралуандықта» деген қағиданы берік ұстанып, еліміздегі бейбітшілік пен келісімді сақтайтын боламыз. Түрлі діндер мен конфессияларды жақындастыруды және қазіргі заманғы өзекті мәселелерге қатысты диалог орнатуды көздейтін мәртебелі миссиямызды атқара береміз, - деді ол

Мемлекет басшысы азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыратын, барша әлемнің кәсіпкерлері, инвесторлары мен талантты адамдары қызығатын ашық әрі дамыған экономика құрып, бүкіл қоғам болып жемқорлыққа қарсы күресті жалғастыратынын мәлім етті.

Бізге және ұрпағымызға ешкім сырттан келіп жарқын болашақты жасап бермейді. Қағидамыз – әділдік, тірегіміз – жауапкершілік, мақсатымыз – өрлеу. Еліміз осы құндылықтарды берік ұстана отырып, даму көкжиегін сөзсіз кеңейте түспек. Ал әрбір адал адам адал еңбегімен адал табысқа жетеді, - деді Президент.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға