Жаңалықтар

Еліміздің Әскери-теңіз күштеріне 30 жыл

Еліміздің Әскери-теңіз күштеріне 30 жыл
Фото: ҚР ҚМ 02.04.2023 18:19 1889

1993 жылғы екінші сәуір – қазақстандық әскери теңізшілер үшін ерекше күн. Бұл күні ҚР Президентінің Жарлығымен еліміздің Әскери-теңіз күштері құрылған болатын, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап. 

Қарулы күштердің дербес түрі болып олар "Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылымын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" Жарлық шыққаннан кейін 2003 жылғы жетінші мамырда түпкілікті қалыптасты.

Әскери-теңіз күштері мемлекеттік шекараны қорғау, Ақтау, Баутино, Құрық порттары сияқты стратегиялық объектілерді, жасанды аралдарды, Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы құбырлар мен кен орындарын қорғау жөніндегі міндеттерді орындайды. 

Әскери-теңіз күштерінің қару-жарақ құрамында отандық және шетелдік өндірістің заманауи кемелері, теңіз жабдықтары саласындағы ғылымның соңғы жетістіктері үлгісіндегі қару-жарақ пен техника бар.

Германия, Қытай, Ресей, АҚШ, Түркия және Оңтүстік Кореяның жетекші әскери оқу орындарында оқыған офицерлер кеме экипаждарын басқарады. Ал кіші мамандарды даярлау Ақтау қаласының Әскери-теңіз күштерінің оқу орталығында жүзеге асырылады.

Әскери теңізшілер жоғары кәсіби шеберлігімен, жанқияр қызметімен және мықты рухымен ерекшеленеді. Әскери-теңіз күштерінде батыл, жауапты және Отанға шынайы берілген жауынгерлер қызмет етеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға