Жаңалықтар

Елімізден халықаралық рейстер 31 елге жүзеге асырылады

Елімізден халықаралық рейстер 31 елге жүзеге асырылады
Фото: Көлік министрлігі 08.12.2024 04:29 425

Көлік министрлігі Халықаралық азаматтық авиация күнінде дәстүр бойынша салаға қатысты жылдың қорытындысын ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 12 қарашада Бакудегі Дүниежүзілік климат саммитінде өткен ИКАО Кеңесінің Президенті Сальваторе Шаккитаномен кездесуін еліміздің азаматтық авиациясындағы тарихи оқиға деп атауға болады.

Мемлекет басшысы ИКАО-мен 30 жыл бойы жемісті ынтымақтастықта Қазақстанның Ұйым стандарттарына сәйкестік деңгейі 82%-ға жеткенін, бұл жетекші еуропалық мемлекеттермен салыстыруға болатынын атап өтті.

Сальваторе Шаккитано Қазақстанды азаматтық авиация және қауіпсіздік саласындағы тамаша жетістіктерімен құттықтап, 2025 жылы Астанаға келу жоспарын жариялады.

Жалпы, 2024 жылдың 10 айында қазақстандық әуе компаниялары 12,3 млн адамды тасымалдады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңінен (11,1 млн адамға) 11%-ға артық. Әуе көлігімен тасымалданған жүк көлемі 22,4 мың тоннаны құрады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңінен (19 мың тонна) 18%-ға артық.

Осы кезеңде ішкі әуежайларда қызмет көрсетілген жолаушылар саны 25,2 млн адамды құрады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңінен (22 млн адам) 14%-ға артық, 141,7 мың тонна жүк өңделді, бұл да 2023 жылдың сәйкес кезеңімен алғанда (105,7 мың тонна) 34%-ға артық.

Бүгінгі таңда ішкі әуе тасымалы аптасына 669 рейс жиілігімен 57 бағыт бойынша 6 әуе компаниясымен (Air Astana, FlyArystan, SCAT, Qazaq Air, Southern Sky, Жетісу) жүзеге асырылады (2023 ж.: 5 авиакомпания, 51 бағыт, аптасына 630 рейс).

Әлеуметтік маңызы бар бағыттардың көліктік қолжетімділігін қамтамасыз ету және ішкі туризмді дамыту мақсатында 9 облыстағы 19 ішкі әуе бағытына 6,6 млрд теңге субсидиялануда.

Халықаралық рейстер 31 елге (Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Грузия, Армения, Беларусь, Әзербайжан, БАӘ, Сауд Арабиясы, Катар, Иран, Оман, Египет, Кувейт, Оңтүстік Корея, Қытай, Үндістан, Вьетнам, Таиланд, Моңғолия, Камбоджа, Малайзия, Мальдив аралдары, Түркия, Ұлыбритания, Германия, Италия, Нидерланды, Польша, Чехия) аптасына 571 рейс жиілігімен 115 бағыт бойынша жүзеге асырылады (2023 ж.: 28 ел, 115 бағыт, аптасына 550 рейс).

Әуе кемелері паркін кеңейту жұмыстары жалғасуда. 2024 жылдың басынан бері отандық әуекомпаниялардың әуе кемелері паркі 10 бірлікке толықты (Эйр Астана компаниялар тобы, А321 типті ұшақ).

Жеке инвестициялар есебінен, бюджет қаражатын тартпай, Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша әуе көлігі инфрақұрылымын жаңғырту шеңберінде Қызылорда және Алматы қалаларында жаңа жолаушылар терминалдарының құрылысы аяқталды, сонымен қатар Шымкентте де аяқталу сатысында.

Атырауда Хиуаз Доспанова атындағы әуежайында жаңа аэровокзал кешенінің құрылысы да жеке инвестиция арқылы, бюджет қаражатын тартпай, 2025 жылдан басталатын болады. 2024 жылдың қыркүйегінде Астана әуежайындағы ұшу-қону жолағын жөндеу мерзімінен бұрын аяқталды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылы Павлодар және Балқаш әуежайларында жөндеу жұмыстары басталды.

Мемлекет басшысы биылғы Қазақстан халқына Жолдауында азаматтық авиацияны дамытуға үлкен көңіл бөлді. Ең маңызды міндет – әуе хабтарын дамыту. Ішкі әуе бағыттарын дамыту басты назарда. Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында жоғары сапалы жол инфрақұрылымы бар аэровокзал кешендері мен әуежайлар салынады. Шағын ұшақтар Индустрияны дамыту қоры есебінен сатып алынады.

Еліміздің авиациялық билігінің авиациялық қауіпсіздіктің жоғары стандарттарын қамтамасыз етудегі күш-жігерінің нәтижесі деп Қазақстанның ең дамып келе жатқан туристік бағыттардың бестігіне енуін де атап өтуге болады. Британдық беделді Wanderlust туристік журналының мәліметі бойынша, Қазақстан әлемнің түкпір-түкпірінен туристер барғысы келетін елдердің бірі болып табылады.

Бұл жетістіктер авиация саласының қызметін реттеу бойынша нәтижелі жұмыстың арқасында мүмкін болғанын атап өтейік. Жаңа нормативтік құқықтық актілерді құру және енгізу, сондай-ақ қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру қауіпсіздік деңгейін арттыруға ғана емес, сонымен қатар жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік берді. Бұл үдерісте әуе көлігінің қауіпсіздігін стандарттау мен жақсартуға бағытталған халықаралық және ұлттық бастамалар маңызды рөл атқарды.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ағымдағы жылы Еуропалық Комиссия, Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігі (EASA) сарапшыларының және Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің авиациялық билік органдарының техникалық сапарының қорытындылары және кездесу нәтижелері бойынша Еуропалық Комиссияның Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі комитетінің шешімімен Қазақстан ұшу қауіпсіздігін күшейтілген бақылаудан шығарылды. Қазақстандық әуе компаниялары Еуропаға шектеусіз ұша алады.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ағымдағы жылы Еуропалық Комиссия, Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігі (EASA) сарапшыларының және Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің авиациялық билік органдарының техникалық сапарының қорытындылары және кездесу нәтижелері бойынша Еуропалық Комиссияның Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі комитетінің шешімімен Қазақстан ұшу қауіпсіздігін күшейтілген бақылаудан шығарылды. Қазақстандық әуе компаниялары Еуропаға шектеусіз ұша алады.

  2024 жылдың тамызында Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасында тікелей әуе қатынасын ашу жұмысы аясында Қазақстанның авиациялық әкімшілігі АҚШ-тың FAA халықаралық авиациялық қауіпсіздікті бағалау (IASA) бағдарламасының алдын ала техникалық бағалауынан сәтті өтті. Қазақстан тарапынан FAA аудитін сәтті аяқтағаннан кейін және 2026 жылы алыс қашықтыққа ұшатын Boeing-787 Dreamliner ұшақтары келгеннен кейін Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей рейстер ашу жоспарлануда.

Қазақстанның азаматтық авиациясы үшін 2024 жыл ірі оқиғалармен, соның ішінде халықаралық ұйымдардың қатысуымен жоғары деңгейдегі бірқатар іс-шаралармен есте қалды. Өңірлік ынтымақтастық пен жоғары сапалы халықаралық қатысуды нығайту бойынша жұмыс белсенді жүргізілуде.

Қазақстан ресми түрде Халықаралық азаматтық авиация ұйымында (ИКАО) өкілдігін ашты. Шілде айында Қазақстан Республикасының ИКАО жанындағы Тұрақты өкілі Тимур Тілегенов Ұйымның Бас хатшысы Хуан Карлос Салазарға сенім грамотасын тапсырды, ол Қазақстанның дүние жүзінің барлық елдерімен және халықаралық ұйымдармен жақсы қарым-қатынаста болып, халықаралық аренадағы жетістіктері мен рөлін жоғары бағалап, бүгінгі биік деңгейдегі беделін атап өтті.

Осы жылдың мамыр айында Астанада 65 ел мен халықаралық ұйымдардың өкілдерін жинаған JARUS – авиациялық ұшқышсыз ұшақтар саласындағы әлемдегі ең ірі ойыншы – ұшқышсыз әуе кемелерінің жүйелері туралы ережелерді әзірлеу жөніндегі Біріккен авиациялық билік комитетінің пленарлық отырысы өтті.

Маусым айында Астанада Орталық Азия елдері арасында алғаш рет Халықаралық әуе жүктері қауымдастығының (TIACA) қолдауымен жүк тасымалдау және логистика бойынша аймақтық форум ұйымдастырылды. Оған бүкіл жүк тасымалы тізбегіне қатысатын түрлі ұйымдардың өкілдері, әлемнің 30 елінен 300-ден астам делегат қатысты.

Ағымдағы жылдың қараша айында Қазақстанда алғаш рет БҰҰ-ның азаматтық авиация саласындағы маңызды құрылымдық бөлімшелерінің бірі болып табылатын Халықаралық азаматтық авиация ұйымы – ICAO апталығы ұйымдастырылды.

Шара еліміздің және жалпы аймақтың авиация саласы үшін маңызды оқиға болды. Әлемдік саланың назары қақтығыс аймақтарынан жоғары немесе оған жақын ұшулар үшін тәуекелдерді бағалау процестері туралы хабардарлықты арттыру үшін және тұрақты авиациялық отынға (SAF) ерекше назар аудара отырып, төмен көміртекті әуежайларды дамытуға арналған «Жасыл әуежайлар» атты екі ірі аймақтық семинарға аударылды.

Осы жылдың мамыр айында Қазақстан ТМД елдерінің ішінде бірінші болып ИКАО-мен келісімге қол қойды және экологиялық таза авиациялық отын (ACT-SAF) саласындағы бағдарламаға қосылды. Қазақстанда экологиялық таза авиациялық отын шығарылатын болады. Қазір Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп, экологиялық таза авиациялық отын шығару жобасы әзірленуде.

ICAO апталығының маңызды оқиғасы – Орталық Азияда алғаш рет азаматтық авиацияның өңірлік ұйымы құрылды – Еуразиялық азаматтық авиация конференциясы (EACAC). Қараша айында Алматыда EACAC қатысушы елдердің бірінші отырысы болды. Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның, сондай-ақ Моңғолияның (бақылаушы мемлекет) авиациялық биліктері ЕACAC құру туралы декларацияға қол қойды.

Отырыс қорытындысы бойынша EAСАС бас хатшысы болып Қазақстан Республикасының Көлік вице-министрі Талғат Ластаев, EAСАС президенті болып Өзбекстан Республикасы Көлік министрлігі жанындағы Азаматтық авиация агенттігінің бас директоры Тахир Назаров тағайындалды.

2024 жылы «Air Astana» Орталық Азиядағы ең үздік әуекомпания болып танылды, ол Best Overall Airline Award APEX 2025 марапатына ие болды.

Қараша айында «Қазаэронавигация» РМК әлемдік авиациялық индустрияның басты оқиғасы болып табылатын Әуе қозғалысын басқару қауымдастығының (ATCA) конференциясының «Авиациялық қозғалысты басқару үшін Дэвид Дж. Херли мемориалдық сыйлығы» аталымы бойынша беделді сыйлығын алды.

Жолаушылар ағыны жыл сайын тұрақты 20% өсуде. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің күш-жігері әлемдік саладағы беделді ұйымдардың қолдауына ие болып, Орталық Азия және ТМД-да авиация саласындағы реформаларды сәтті жүзеге асырудың үлгісі болып табылады.

Қазақстанның авиациялық билік органдарының одан әрі жұмысы ұшу қауіпсіздігінің қол жеткізілген деңгейін арттыруға, маршруттар желісін дамытуға және әуе көлігі инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталатын болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға