Жаңалықтар

Еліміздегі трансплантология тынысы қалай?

Қазақстандағы ағза мүшелерінің трансплантологиясяның бүгінгі ахуалы
Еліміздегі трансплантология тынысы қалай?
21.11.2018 09:14 11899

Осыдан бес жыл бұрын Ұлыбританияда 13 жасар Джемаймма Лайзелл бас миы қантамыры аневризмасының жарылуынан қайтыс болған еді. Ол көзі тірі кезінде автокатастрофада қаза болған туысының донор болғанын көріп, өзінің де осы ұлы іске барғысы келетінін айтып кеткен екен. Ата-анасы ажал құшқан қызының сол тілегін орындайды. Осылайша, Лайзеллдің 8 бірдей ағзасы мұқтаж жандарға ауыстырылған.  Жалпы, әлемде жыл сайын осы секілді жүз мыңнан аса адам ағза мүшелерін ауыстырады.

Оның шамамен 70 мыңы бүйрек, 20 мыңы бауыр, 5,5 мыңы жүрек, 3,5 мыңы өкпе, 2,4 мыңы ұйқы безін алмастырған. Бұл – Дүниежүзiлiк Денсаyлық сақтаy ұйымының (ДДCҰ) pеcми cайтында берілген ақпаpат.

Ал Қазақстандағы көрсеткіш қандай?

Елімізде транспланттау оталары 2012 жылдан бері жасалып келеді. Деректерге сүйенсек, 2017 жылы ағза мүшелерін ауыстыру бойынша 270 операция жасалған.  Оның ішінде мәйіттік донорлық арқылы 77 адамның өмірі құтқарылған. Ал биыл 149 операция өтсе, оның 19 мәйіттік донордың көмегіне жүгінген.

 

ҚР Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі  республикалық орталықтың директоры Серік Жариковтыңайтуынша, бүгінде Қазақстанда 9 транспланторталық бар. Олардың дені Астана мен Алматы қалаларында орналасқан. Аймақтық орталықтар тек Ақтөбе мен Шымкент қалаларында бар. Болашақта Өскеменнен транспланттау орталығын ашу көзделіп отыр. Ал осындай оталарды жасайтын біліктілігі жоғары дәрігерлердің саны бар болғаны онға жуық қана.

Қазақстанда қанша адам ағза ауыстыруға мұқтаж?

Транспланттау бойынша респуб­ли­калық үйлестіру орталығының 2018 жылдың қазан айына берген мәліметі бойынша:

•    бүйрекке 2500 ересек, 50 бала;
•    бауырға 441 ересек, 7 бала;
•    жүрекке 111 ересек, 11 бала;
•    өкпеге 9 ересек;
•    жүрек-өкпе кешеніне 1 адам зәру болып отыр. 

 

Серік Жариков, ҚР «Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық  қызметті үйлестіру жөніндегі  республикалық орталық» ШЖҚ РМҚ директоры:

– Осы жылы трансплантация бойынша 190 операция жасалды. Біздің елімізде мұндай ота 2012 жылдан бері жасала бастады. Содан бері жыл сайын шамамен 300 ота жасалып келді. Нақтырақ айтқанда, 1508 бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе және аз болса да ұйқы безіне трансплантациясы жасалды. Ал осы жылы ол цифрдың төмендеуі бірнеше трансплантация жасайтын клиникалардың жабылуына тікелей байланысты болып отыр. Оның қатарында Алматы қаласында орналасқан №7 қалалық клиникалық ауруханасы бар. Оған себеп – бүйрек донорының көз жұмуы. Жалпы, елімізде донордың қаза болуы тек сол бір оқиғамен шектеледі.

Кім ағза доноры бола алмайды?

•    жасы 80-нен асқандар;
•    жұқпалы дертке шалдыққандар;
•    бақыланбайтын бактериалды сепсисі барлар;
•    ЖИТС (СПИД) немесе ВИЧ-инфекциясы бар жандар; 
•    вирусты гепатит В (HBsAg) немесе С (anti-HCV) оң жандар;
•  қатерлі түзілістің жедел және созылмалы, жүйке мен басқа да ағзалардың диффузды аурулары бар жандар.

 

Қазақстанда қандай ағзаларды ауыстыруға мүмкіндік бар?

Қазақстанда жүрек, өкпе, бүйрек, бауыр, ұйқы безін, ал балаларда бауыр мен бүйректі тансплантациялау бойынша операциялар жасалады.

Тараз қаласындағы кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының бас трансплантологы Ғани Құттымұратов келешекте ішек трансплантациясын жасауға мүмкіндік бар екенін айтады.

– Қазір ұйқы безін алмастыруға дайынбыз деп айта аламын. Мұндай операцияны елімізде алғаш рет Кореядан келген мамандары жасаған болатын. Біздің қайталап көргеніміз аса сәтті бола қоймады. Алайда, біз білімімізді шыңдап, ондай оталар жасауға бек әзірміз. Ұйқы безін ауыстыру қант диабетіне шалдыққандар үшін таптырмас ем.

Қалай тірі-донор болуға болады?

Рецепиентпен генетикалық байланысы бар (яғни, туыстары) немесе тіндік сәйкестігі бар адамдар тірі-донор бола алады. Ағзасын бергісі келген адам толық медициналық тексерістен өтіп, ағзасын беру жөніндегі консилиумның тұжырымын алуы керек.

Өткен жылы бұқаралық ақпарат өкілдері батысқазақстандық Абзал Әділов есімді жігіт туралы жарыса жазған болатын. 25 жастағы жігіт өз бүйрегін науқас қызға беріп, көптің ризашылығына бөленді. Жомарт жігіттің хал-ахуалын білу мақсатында онымен тілдескен едік.

– Қазір, шүкір бәрі жақсы, – дейді ол. – 2016 жылы «Жан жылуы» бағдарламасын көріп отырып, бүйрекке зәру Жанар есімді қыздың жағдайымен таныс болдым. Оған жедел түрде көмек керек екен. Арада біршама уақыт өткен соң, редакцияға хабарласып, Жанарға көмек қолын созғым келетінін жеткіздім де, нөмерін алдым. Тағдырдың бұйрығы шығар, бүйрегімді Жанарға емес,  басқа қызға беретін болды. Себебі, оның жолдасы жәрдемдесуге келіскен екен. 2017 жылдың 20-қазанында ота сәтті өтіп, Жәмила есімді қыздың өміріне араша болдым. Бұл ісімді ата-анам да қолдап, қарсы келген жоқ. Осындай жолмен ақша табатындарды да естіп жүрмін. Менің ойыма осы арқылы пайда табу деген ой келіп көрмепті. Өзім секілді тегін ағзасын ұсынған адамды әлі кезіктіргем жоқ. Қазір, Аллаға шүкір, денсаулығымда ешқандай кінәрат жоқ. Жиі тексерістен өтіп тұрамын.

 

Бүгінге дейін 340 бүйрек трансплантациясын өткізген дәрігер Ғани Құттымұратов  Абзал секілді өз еркімен тегін ағзасын берген адамды кезіктірмегенін айтады.

– Бірін-бірі танымайтын ағзасын беруге келіскен адамдар болған. Бірақ, біз оларды арнайы Астана қаласындағы этикалық комиссяға жібереміз. Олардың арасында туысқандық болмаса, ота жасауға келіспейміз. Өз еркімен бейтаныс жанға бүйрегін берген бір оқиғаны ғана білемін.

Ал Абзалдан көмек алған Жамиланың жағдайын анасы Құрманкүл Құлмұрзаева баяндап берді:

 – Қызым үш жыл төсек тартып, гемодиализ жасауға мәжбүр болды. Бүйрек іздеп, шарқ ұрып жүргенде Абзалдай абзал жан жолығып, қызымның қыл үстінде тұрған өміріне араша түсті. Осындай ұл өсірген анасына көп рақмет. Қызым әзірге қысымы көтеріліп кете беретіні болмаса, жағдайы тәуір. Болашақта бүйрек орнығып, аяғынан тұрады деп отырмыз.

«Бүйрек сатамын». Қара нарықтағы жағдай қалай?

Интернетте іздеу жүйесінде "бүйрек сатамын" сөздерін жазсаңыз болғаны, түрлі жарнамалардан көз сүрінеді. Қазақстанда ағза мүшелерін сату заңсыз болса да олар ашық түрде аты-жөнін, байланыс нөмерін жазып, тіпті соммасына дейін көрсетеді екен.

База.доноров.рф сайтына жарияланған жарнама бойынша Шымкент қаласының тұрғыны Дулат есімді жігітке хабарласып көрген едік (диалогты сол күйінде беруді жөн санадық-авт.).

 

«– Сәлеметсіз бе? Сіздің интернетте бүйрек сатамын деген жарнамаңызды оқып қалып едім. 
– Иә, сатамын.
– Зиянды әрекеттерден аулақсыз ба? Жұқпалы аурулармен ауырмағансыз ба?
– Темекі тартпаймын, алкоголь пайдаланбаймын. Сіз қай қаладан хабарласып тұрсыз?
– Алматыдан. Бүйрегіңізге неше сұрайсыз?
– Өзіңіз қанша бере аласыз?
– Екі миллион.
– Аздау. Бірақ, көруге болады».

Екі миллион теңге орташа баға секілді. Одан біршама көп, кейбірі тіпті аз сұрайды. Олардың қаншасы өз бүйректерін сатқаны жөнінде ешқандай ресми деректер кездеспейді. Қазақстанда ағза сату қылмыс боп есептеледі.

Медицина ғылымдарының докторы, профессор Серік Жариков те қазірде заңсыз ағза сатушылардың көбейіп кеткенін айтып отыр:

- Қазақстанда ағза мүшелерін сатуға тыйым салынған және ондай әрекет қылмыстық жазаға тартылады. Бірақ, ағза мүшлерін сатушыларды бақылап отыру мүмкін болмай жатыр... Себебі, жазалаудың нақты механизмі жоқ. Тыйым салынғанымен, көтеретін жаза деңгейі қарастырылмаған. Біз ҚР денсаулық сақтау министрлігіне бұл бойынша ұсыныстарымызды айттық. Болашақта ондай «қара нарықтағы» адамдарға айыппұл салынуы мүмкін. Тағы қайталанса, айыппұлдың құны өсе түседі. Оларды бақылау құқық қорғау органдарының еншісінде, – дейді.

Қазір тірі-донор болушылар азайып барады

Трансплантолог Ғани Құттымұратов тіпті туыстардың өзі ағзасын беруден бас тартатынын айтады:

– Меніңше, оларға дұрыс ақпарат жетпей отыр. Көібсі ағзасын беру мүгедектікпен тең деп ойлайтын болар. Жоқ, олай емес! Біз мәселен, бүйрегін алмас бұрын оны толық зерттеуден өткіземіз. Егер олардың жұмысы жақсы болса ғана, донор етеміз. Донорлыққа дейін қалай өмір сүрді, кейін де да солай күн кеше береді. Өзін сақтап, салауатты өмір салтын ұстанса өмір бойы еш шектеусіз, қиындықсыз жүре береді. Бүгінге дейін, донор болғандар тарапынан шағым келіп түскен жоқ.

Жақсылық Досқалиев, трансплантация бойынша респуб­ли­калық үйлестіру орталығының директоры 24.kz арнасына берген сұхбатында Елімізде ниет білдірген 100 адамның 30-ның ғана донор болуға жарамды екенін айтады. Сонымен қатар, ағза мүшелерін донорлыққа беретіндердің саны өткен жылы 22 болса, биыл 32-ге жетіпті.

«Қайтыс болғаннан кейін донор болғым келеді»

Өткен жылы елімізде 77 мәйіттік трансплантациясы жасалған еді. Биыл бұл көрсеткіш 19-ды ғана құрап отыр.

Ғани Құттырмұратовтың айтуынша, кез келген азамат жергілікті емханаға барып қайтыс болғаннан кейін донор болатыны жөнінде бланк толтырса жеткілікті.

Гаухар, Атырау тұрғыны:

– Қайтыс болған соң, ағзаларым біреулердің өмірін құтқарғанын қалаймын. Әрине, қартайып барып, о дүниеге аттанып жатсам, көре жатармыз. Болашақта мұрагерлікке жазып қалдыруға дайынмын. Бұл идея қайдан туды деп отырған боларсыз? Осыдан 7-8 жыл кореялық кино көрдім. Өкінішке қарай, атауын ұмытып тұрмын. Ол көркем фильмде жүрегінде ақауы бар жігіт өзіне донор іздеп, ақыры қайтыс болады. Жүрегінде кінәраты бар жандар мәйіттік қана донордан көмек күтеді емес пе? Соның  кесірінен, жыл сайын мыңдаған адам ажал құшып жатыр. Ал бірнеше жыл бұрын қазіргі рансплантация бойынша республикалық үйлестіру орталығының директоры Жақсылық Досқалиевтың сұхбатын оқыдым. Танымал хирург адам қайтыс болғанда оның ағзалары бірнеше адамның өмірін құтқаратынын айта кетеді. Неге сондай қайырымды іс жасамасқа? Бұл шешімімді ешқашан өзгертпеймін, – дейді

(Фотосуреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға