Жаңалықтар

Еліміздегі тау-шаңғы курорттарына келген туристер саны өсті

Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі мәлім етті
Еліміздегі тау-шаңғы курорттарына келген туристер саны өсті
Фото: egemen.kz 27.01.2023 16:28 1824

Еліміздің тау-шаңғы курорттарына келген туристер саны 1,5 миллионға дейін өсті. Жыл сайынғы өсім 20% құрады. Бұл туралы министрлік алқасында Асхат Оралов айтты деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Енді Мәдениет және спорт министрлігі жұмыс істеп тұрған нысандарға шамадан тыс жүктемелерді азайту үшін жаңа нысандарды ашуға бастамашы болады.

Айта кетейік, бүгінде еліміздегі тау-шаңғы туристерінің саны жағажай туристерінің санымен бірдей. Сондай-ақ аталған туризм түрін үлкен экономикалық тиімділік пен айрықша кіріс көзі ретінде қарауға болады. Тау-шаңғы туристі орташа есеппен күніне 250 доллар, яғни жағажай туристіне қарағанда 5 есе көп жұмсайды.

«Алайда бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған курорттарда артық жүктеме байқалуда. Мысалы, «Шымбұлақ» курортында мереке және демалыс кездері өте ауыр жүктеме күніне 12,5 мың адамды құрайды, ал оңтайлы жүктеме күніне 6 мың адамды құрайды. Осыған байланысты, Қазақстанда тау-шаңғы туризмінің жаңа нысандарын ашуымыз керек. Мемлекет басшысы Алматы қаласының жұртшылығымен кездесуде тау-кен кластерін кешенді дамыту қажеттігін атап өткен болатын. Сондықтан курорттарды аспалы жолдармен бір экожүйеге қосу, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған объектілерді кеңейту қажеттілігі туындайды.

Біз инвесторларға түрлі жеңілдік ұсынып, аспалы жолдарды, ратрактар мен қар ататын зеңбіректерге кеткен шығынның 25% дейінгі көлемін өтеуге ниеттіміз. Сонымен қатар, тау-шаңғы курорттарына қажетті қармен жабдықтаудың тұтас жүйесіне де осындай өтеу тетігін қарастыру жоспарланып отыр», - деді Асхат Оралов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға