Еліміздегі танымал журналист өмірден өтті
Қазақстандық танымал журналист, қаламгер, қоғам қайраткері Мейрамбек Төлепберген 68 жасқа қараған шағында өмірден өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Журналистика саласында өз қолтаңбасын әуелі спорт тақырыбында қалдырып танылған ол Орталық Азия және Қазақстан спорт журналистерінің халықаралық байқауында (1989) бас жүлдеге ие болды. Төлепберген республикалық «Халық кеңесі» газетінде Парламент жұмысының қыр-сырына үңіліп, саяси тақырыптарға жазылған сараптама мақалаларымен көзге түсті. Шығармашылық қарым-қабілеті оны еліміздің таңдаулы журналистер шоғырына қосты.
1996 жылдан бастап «Егемен Қазақстан» газетінде саяси-әлеуметтік мәселелерге қатысты ой-толғамдарымен және публицистик мақалаларымен кеңінен танылды.
Жалпы, Мейрамбек Мылтықбайұлы Төлепберген көп жыл баспасөз бен телевизия саласында, мемлекеттік қызметте және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде қызмет атқарды.
2012-2017 жылдары «Қазақстан» телерадиокорпорациясына қарасты аймақтық «JAMBYL» телеарнасын басқарды.