Жаңалықтар

Еліміздегі әлеуметтік төлемдер қалай өзгерді?

Айлық есептік көрсеткіш жәрдемақы, зейнетақы және басқа да әлеуметтік төлемдер және ең бастысы, салық, әкімшілік және құқықтық заңнамада көзделген айыппұл төлемдерін есептеу үшін қолданылатын есептік көрсеткіш.
Еліміздегі әлеуметтік төлемдер қалай өзгерді?
Фото: ehonews.kz 10.10.2022 12:40 3288

Ең төменгі күнкөріс деңгейі туралы сөз қозғамас бұрын, бірінші ең төменгі азық-түлік себеті туралы егжей-тегжейлі білгеніміз дұрыс болар. Себебі, 2015 жылғы 19 мамырда қабылданған № 314-V «Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» Заңның 18 бабында «Ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасы» ең төмен әлеуметтік стандартына былай деп айқындама беріледі: «Ең төмен күнкөрiс деңгейi – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетiнiң құнына тең, бiр адамға арналған ең төмен ақшалай кiрiс».

Ал ең төмен тұтыну себеті сіз бен біздің қалыпты күнделікті тіршілігімізді қамтамасыз ететін қажетті азық-түлік өнімдерінен, тауарлар мен біз жүгінетін қызметтердің заттай немесе олардың бағасы түріндегі ең төмен жиынтығы. 2022 жылдың 1 сәуірінде Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің мәні 37 389 теңге көлемінде белгіленді. Сәйкесінше, ең төменгі тұтыну себетінің көлемі де осы сома шамасында қалыптасты.

Сонымен, әлқисса, ең төмен тұтыну себетіне не кіреді деген сұрақ ойыңызда жылт ете қалған болар. Жоғарыда айтып өткеніміздей, себеттің өзін үш бөлікке бөліп қарастырсақ болады, біріншіден, әлбетте, бұл тамақ өнімдері ал екінші бөлігі тауарлар, оның ішінде дәрі-дәрмек, киім-кешек, және үшінші бөлігінде қызметтерге жұмсалатын шығыстарды құрайды.

Айтпақшы, азық-түлік себетін құру немесе толтыру үшін мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган, яғни біздің жағдайымызда Ұлттық статистика бюросы санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылық саласындағы уәкілетті орган бекітетін тамақ өнімдерін тұтынудың ғылыми негізделген физиологиялық нормаларына сүйенеді. Ал тауарлар мен қызметтерге жұмсалатын шығындар көлемін халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті ведомство мен Ұлттық статистика бюросы бірлесіп есептейді және белгілейді.

Сонымен тұтыну себеті бұл белгілі бір уақыт кезеңіне заң жүзінде бекітілген қажеттіліктер мен қызметтердің тізімі. Тұтыну себетін қалыптастыруда бірінші кезекте азық түлік өнімдері, дәрі-дәрмектер және коммуналдық қызметтер мен жүріп-тұру шығындары (жол-көлік) және басқа да қажетті шығындар ескеріледі. Яғни бұл біз үшін қолжетімді, мәселен, зейнеткер немесе әлеуметтік төлемге күнкөріп отырған әлжуаз топтардың қалтасына қарап ала алатын тамақ өнімдері екені айтпаса да түсінікті. Егер нақтырақ айтсақ, тұтыну себетінің 55 пайызы азық-түлікке жұмсалады, ал қалған 45 пайызы жоғарыда біз атаған қалған екі бөліктің шығындарын жабады деп жоспарланған. Тұтыну себетінде 12 бөлім көрсетілген, онда азық-түлік, дәрі-дәрмек, коммуналдық қызметтен өзге көлік шығыны, білім беру тауарлары мен қызметтері қамтылған.

Тұтыну себетінің құнын шығару үшін жоғарыда аталған уәкілетті органдар ең көп сатып алынатын және сұранысқа ие азық-түлік өнімдерінің ғылыми негізделген физиологиялық тұтыну нормаларын түрлі сауда орындарын салыстыру нәтижесінде пайда болған орташа бағаға көбейтеді. Түрлі жастағы топтардың, оның ішінде мектеп жасынан бастап зейнеткерге дейінгі жастағылардың қажеттіліктері ескеріледі. Жан басына шаққанда, мемлекеттен әлеуметтік жәрдемақы немесе базалық зейнетақы алатын қазақстандық азамат азық-түлікке айына шамамен 20564 теңге қаражат жұмсауы тиіс. Алайда, бұл деректер баға өсімі мен инфляция қатысымы ескеріле отырып, жыл сайын өзгеріске ұшырап отыратынын да ескерген жөн.

Сонымен қатардағы қазақстандықтың себетінде қандай тамақ түрлері және мөлшері бар екендігіне бір көз жүгіртіп көрелік. Себеттегі азық-түлік тізімін әрбір бес жыл сайын қайта қарап, өзгеріс енгізіп отырады. Мәселен ең алғашқы себетті Қазақстан 1997 жылы «жинады», ол уақытта себетке жиырмаға жуық азық-түлік өнімдерінің түрі салынды. Ал бүгінде азық-түлік өнімдерінің тізімдегі саны 43-ке дейін көбейді. Ресми статистика тұтыну себетінің 23 жылда жеті мәрте көтерілгеніне меңзейді. Сонымен, әлқисса...

Ет және өзге де ақуыздар (жылдық тұтыну көлемі): 15 келі сиыр еті, 9 келі шошқа еті, 6,3 келі қой еті, 5 келі құс еті, 3,3 келі жылқы еті, 3 келі шұжық, 8,4 келі балық.

Көкөніс және жеміс түрлері (жылдық тұтыну көлемі): 95 келі картоп, 25 келі орамжапырақ, 20 келі сәбіз, 20 келі пияз, 5 келі қияр, 5 келі қызанақ, 5 келі қызылша, 10 келі қарбыз, 25 келі алма және басқа да жеміс түрлері, 4,5 келі жидектер, 0,5 келі кепкен жеміс.

Ұннан жасалған өнімдер және көміртегілер (жылдық тұтыну көлемі): 13 келі ұн, 31 келі бидай наны, 4,8 келі қара бидай наны, 4,4 келі макарон өнімі, 8,5 келі күріш, әрқайсысы 2 келіден сұлы, қарақұмық жармасы және ұнтақ жарма. Одан өзге себетке 2,19 келі ас тұзы, 0,05 келі ашытқы, 0,02 келі дәмдеуіштер, 142 дана жұмыртқа, 0,67 кг шай салынған.

Себетті қалыптастыру кезінде, адамның саулығы үшін маңызды калорийлер, дәрумендер, майлар, ақуыздар, көсірсулардың қажетті нормасы есептеліп, ескеріледі. Осы себет бойынша біздің тәуліктік тұтынатынымыз 1200-ден 1500-ге дейінгі калорийді құрайды. Алайда, қазақстандық диетологтар себетке салынған азық-түлік өнімдерінің түрлерімен және көлемімен келіспейтіндіктерін айтуда. Олар дұрыс тамақтану тұрғысынан тізімнен күріш пен ұнтақ жарманы алып тастауды ұсынады. Оның орнына жеміс-жидектердің көлемін көбейту керек дейді, яғни бір адам бір күнде орташа есеппен бір келі жеміс-жидек жеуі керек екен. Диетолог мамандар адамның қарны тоя тамақ жеуі үшін тәулігіне ол жейтін тағамдардың килокалорийі кем дегенде 2000 болуы керек дейді. Және ең бастысы, қоғам белсенділері мен мамандар себет құнын бір-бір жарым есеге дейін өсіруді ұсынуда.

Сонымен, ең төменгі күнкөріс деңгейі дегеніміз тұтыну себетінің бағасына пара-пар ақша сомасы. Атап өтетін тағы бір маңыздылық, әр өңірде қалыптасқан экономикалық ахуалға қарай ең төменгі күнкөріс көрсеткіші де әрқилы болып қалыптасады.

Ең төменгі күнкөріс деңгейі ел азаматтарының өмір сүру деңгейін бағалау, кедейшілік деңгейін білу, әлеуметтік саясат бағытын айқындау, зейнетақы, еңбекақы және өзге де әлеуметтік төлемдердің ең төменгі көлемін белгілеу үшін қажет. Ол мемлекеттің әлеуметтік саясатын қалыптастырудағы маңызды фактор болып табылады. Атап айтар болсақ, елмізде кедейлік шегі осы минималды күнкөріс деңгейінің 70 пайызы ретінде белгіленген. Минималды күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткіш жыл сайын инфляцияның болжамды деңгейі ескеріле отырып белгіленеді. Бұл инфляция қарқын алған жағдайда, халықтың тұрмысының төмендеп кетпеуі үшін жасалатын алғышарт.

Ал шетелде қалай?

Мәселен, АҚШ-тың Еңбек министрлігінің жанында арнайы Еңбек статистикасы бюросы (BLS) жұмыс жасайды. Ол ел ішінен деректерді жинақтаумен және оны өңдеумен айналысады. Шамамен он екі мыңға жуық АҚШ азаматы белгілі бір уақыт кезеңінде өздерінің тұрмыстық қажеттіліктеріне жұмсалған шығын көлемі мен тауарлар атауын арнайы күнделікке түртіп жүреді. Және оларға өз шығындарының есебін жүргізгені үшін ақы төленеді. Және бір қызығы, бұл азаматтар АҚШ-тың түрлі штаттарында әртүрлі қалаларда тұрады және олардың әлеуметтік, мүліктік статустары да әртүрлі. Шығындар күнделігі BLS-ке тапсырылады. Сондай-ақ, әр тоқсан сайын ел тұрғындары арасында олардың жасаған саудалары бойынша сауалнамалар жүргізіліп отырады. Бұл деректердің барлығы сарапталып, талданады, сол арқылы тұтыну себеті қалыптастырылады. Егер белгілі бір тауар көптеген отбасылардың тізімінде болса, ол азаматтар үшін маңызды болғаны, демек, бұл тауар міндетті түрде тұтыну себетіне «салынады». Осындай тәсіл арқылы үкімет жәрдемақы төлеу кезінде мұқтаж адамға орташа өмір сүру деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Америкалық себет 350 позициядан тұрады.

Ал Еуропаның дамыған елдерінің бірінің санатындағы Германияда өмір сүру деңгейінің тіпті де өзгеше екендігі анық қой. Тұтыну себетінің құрамын ел тұрғындары өздері қалыптастырады. Мұнда да себетке өзгеріс енгізу бес жылда бір рет жүргізіледі. Федералдық статистикалық ведомство алпыс мың отбасының арасында арнайы сауалнама жүргізіп отырады, және олардың шығындарының көлемі мен түрлеріне қарай тұтыну себетін қалыптастырады. Немістердің тұтыну себетіне 750 тауар атауы енгізілген, бұл тізімнен кәдуілгі азық-түлік өнімдерінен басқа қан қысымын өлшеу құралдарын да табуға болады. Сондай-ақ, мұнда балабақша бағасынан бастап, қарттар үйінде, мүгедектер үйінде тұру, үйден амбулаторлық ем алу деген шығындар да енгізілген. Германияда тұтыну себетінде әсіресе, баспана, коммуналдық төлемдер (32 пайызы), көлік (13 пайыз), демалыс, ойын-сауық және мәдениет (11 пайыз) секілді шығындарға басымдық берілген.

Жалпы тұтыну себеті көптеген елдерде бар. Англяда себетке салынған тауарлар мен қызметтердің саны 350 позициядан, Францияда 250 позициядан тұрады. Алайда, әр мемлекеттің минималды қызмет пен тауарлар жиынтығын қалыптастыруда өз ерекшелігі болатынын да атап өткен жөн.

Ең төменгі жалақы

Жоғарыда атап өткеніміздей, ең төменгі жалақыны белгілеуде де минималды күнкөріс көрсеткіші негізге алынады. 2022 жылы Қазақстанда ең төменгі жалақы көлемі 60 000 теңге болып белгіленгені белгілі. Осы жерде мынадай бір парадокс туындайды. Еңбек нарығында сұранысқа қарай ұсыныстың да болатыны анық. Мәселен, кейбір адамдар белгіленген минимумнан төмен ақыға жұмыс жасауға қарсы болмағанымен, заң жүзінде жұмыс берушіге минималды жалақыдан төмен ақы төлеуге рұқсат берілмейді. Ал белгіленген минимумнан төмен жалақы төлейтін болса, оны жұмыс беруші жасырып-жабады, нәтижесінде, мұның көлеңкелі бизнеске ену қаупі басым.

Алайда, егер минималды жалақы көлемі бекітілмеген болса, жұмыс берушілердің нарықта еңбек құнын төмендетіп, жалдамалы жұмысшыларға қатысты әділетсіздік танытуы да мүмкін еді. Ең төменгі жалақы белгілеудегі тиімділік те, оның еңбек заңдылығы мен еңбектің бағалануына беретін кепілдігі де осында. Бұл мемлекеттің әлеуетті әлеуметтік қолдауға бағытталған саясатының маңызды бір бөлігі. Және тағы бір назар аударатын жәйт, ең төменгі жалақы минималды күнкөріс деңгейінен төмен көлемде белгіленбейді. «Еңбек етсен ерінбей, тояды қарнын тіленбей» демекші, әрбір адам өзінің тапқан табысына қарай өзі үшін лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз етеді. Мемлекет ең төменгі жалақы көлемін бекіту арқылы, қарапайым еңбек адамдарының минималды күнкөріс деңгейінен төмен еңбекақы алмауын кепілдендіреді. Сондай-ақ, заңға сәйкес, ең төменгі жалақының ішіне үстеме төлемдер, қосымша ақылар, әлеуметтік төлемдер мен сыйақылар кірмейді.  

Ең төменгі жалақы көлемі 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Мемлекет басшысының пәрменімен 42500 теңгеден 60 000 теңгеге дейін ұлғайтылды.   Бұл 1,6 миллион еңбек адамының табысын арттырды. Бұған әлбетте, бірінші кезекте әлемді тосылдырған коронакризистің ел экономикасын, оның ішінде халық табысын қысымға алуы себеп болған еді. Және Мемлекет басшысы Қазақстан минималды жалақы деңгейі бойынша ТМД елдерінен артта қалып отырғанын да айтқан болатын. Егер статистикалық деректерге көз жүгіртер болсақ, Қазақстан бойынша 2018-2022 жылдар аралығында минималды жалақы көлемінің өсуі байқалмаған екен (2018 жылға дейін минималды жалақы мөлшері 28300 теңге болды). Сәйкесінше, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап минималды жалақы деңгейінен басқа, жоғарыда айтып өткен ең төменгі күнкөріс деңгейі де, айлық есептік көрсеткіш те арттырылды.

Шетелде...

Минималды жалақы көптеген елдердің тәжірибесінде бар. Алайда, ол әр елде салық жүктемесіне қарай әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, кейбір елдерде минималды жалақыдан ешқандай әлеуметтік төлемдер немесе салықтық төлемдер ұсталмайды. Олардың қатарына Қытай Халық Респуликасының Гонконг әкімшілік аумағы мен Филиппин мемлекетін жатқызуға болады.

Ең төменгі жалақы мөлшерінің анағұрлым жоғары сомасы бойынша Люксембург алға шығады, мұнда минималды жалақы 1989 АҚШ долларын құрайды, ал Австралияда 1923 АҚШ доллары, Ирландияда 1743 АҚШ доллары шамасында белгіленген.

Айлық есептік көрсеткіш

Айлық есептік көрсеткіш жәрдемақы, зейнетақы және басқа да әлеуметтік төлемдер және ең бастысы, салық, әкімшілік және құқықтық заңнамада көзделген айыппұл төлемдерін есептеу үшін қолданылатын есептік көрсеткіш. Оған жыл сайын мемлекет тарапынан түзету енгізіліп, ол өзгеріске ұшырап отыруы мүмкін. Алайда, ақиқаты сол, айыппұл, салық, түрлі әлеуметтік төлемдерді теңгемен емес, шартты бірлікпен бекіту мемлекет үшін тиімді. Себебі, егер анығына жетіп қарар болсаңыз, барлық заңдарда, нормативті құжаттарда төлемдер теңгемен емес, АЕК мөлшерімен белгіленеді. Яғни бұл қысқа күнде қырық құбылатын инфляцияның болжамды өзгерісіне қарай бейімделу. Егер заңдағы белгілі бір төлем мөлшері шартты бірлікпен емес, керісінше теңгемен белгіленетін болса, біз инфляция мен баға өзгерісіне қарай жыл сайын заңға өзгеріс енгізуге мәжбүр болар едік. Ал төменгі айлық есептік көрсеткішті шартты бірлік ретінде қолдана отырып, жыл сайын оның мәнін ғана өзгерту барлық заңдардағы, нормативтік құжаттардағы салықтық және әлеуметтік төлемдерінің АЕК-ке байланысты сәйкесінше өзгеріп отыруын қамтамасыз етеді.

Егер өткен кезеңнің ресми статистикалық деректерін сараптап көрер болсақ, айлық есептік көрсеткіштің 1996 жылдан 1998 жылға дейін тоқсан сайын өзгеріске ұшырап отырғаны аңғаруға болады. Тек 1999 жылдан бастап қана есептік көрсеткішке жылына бір мәрте өзгеріс енгізілетін болды. Мәселен, АЕК 1997 жылдың қаңтарында 550 теңге көлемінде белгіленсе, осы жылдың сәуір айында ол 565 теңгеге арттырылған, сәйкесінше, шілдеде 585 теңгеге, қазан айында 620 теңгеге ұлғайтылған.

Елімізде 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап айлық есептік көрсеткіш 3063 теңгеден 3180 теңгеге дейін өсті. Алайда, Мемлекет басшысының шешімімен жаңадан қабылданған айлық есептік мөлшері айыппұл санкциялары мен салықтар үшін 2022 жылдың соңына дейін қолданылмайды. Айыппұлдар мен салықтар үшін бұрынғы АЕК яғни 3063 теңге мөлшеріндегі есептік көрсеткіш қолданыла береді.

АЕК мөлшері бюджетті жоспарлау кезінде, алдағы жылға болжамды инфляцияны ескере отырып есептеледі. Ол жыл сайын «Республикалық бюджет туралы» заңмен белгіленеді.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға