Жаңалықтар

Еліміздегі бірқатар гарнизонда әскери ант беру рәсімі өтті

Еліміздегі бірқатар гарнизонда әскери ант беру рәсімі өтті
Фото: Қорғаныс министрлігі 09.12.2024 06:17 332

Алматы, Ақмола, Шымкент және Приозерск гарнизондарында әскери ант беру рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Алматы өңірлік гарнизонының 97617 әскери бөлімінде Тараз, Орал қалаларынан келген жүзден астам жауынгер салтанатты жағдайда ант қабылдады. Оларды осы маңызды оқиғамен Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Қайрат Даутов, Халық қаһарманы запастағы подполковник Азамат Жұмаділов, "Аналар жүрегі" сарбаз аналары комитетінің өкілі Татьяна Тропина, сондай-ақ сарбаздардың туыстары мен жақындары құттықтады.

Сіздер қызмет ететін әскери бөлімнің тарихы сонау 1943 жылдан бастау алады. Ұлы Отан соғысы жылдарынан бастап бүгінгі күнге дейін осы бөлімнің жеке құрамы Отанымыздың әуе шебін қорғап келеді. Бұл өте маңызды миссия, оны адал орындап, Отан қорғаушы деген атқа лайық болыңыздар, – деді генерал-майор Қайрат Даутов.

Сарбаз Арсен Әсетілда әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінде қызмет етуге келгеніне риза. Оның пайымдауынша, бұл қызмет оған жақсы техникалық дайындық беріп қана қоймай, оның одан әрі қалыптасуына әсер етеді.

Шымкент гарнизонының 10216 әскери бөлімінде 30 сарбаз ант берді. Отан қорғау туралы маңызды  міндет алған жауынгерлерді  10216 әскери бөлімінің командирі подполковник Дәулетбек Қоғабаев құттықтады.

Осы әскери бөлімнің қатардағы жауынгері Нұрдәулет Рахымберді өз әсерін бөлісіп, бір айдың ішінде жаңа ұжыммен жақын танысып үлгергенін атап өтті. Алғашқы әскери дайындық курсынан өту барысында ол әскери қызмет туралы негізгі білім алып, атыс алаңына да барып үлгерген.

Ақмола облысында Астана, Түркістан, Қостанай және Көкшетау қалаларынан келген 150-ден астам жас сарбаз ант қабылдады.

Приозерск гарнизонының 44841 әскери бөлімінде 40-қа жуық жас сарбаз Отанына адал болуға ант берді. Жауынгерлерді Қарағанды облысы Приозерск қаласының әкімі Мансұр Ахметов пен Қарулы күштердің ардагері Тілек Алшымбеков құттықтады.

Барлық әскери бөлімдерде қоян-қолтық ұрысы мен қару-жарақ дефилесінің элементтері бар көрсетілімдер ұйымдастырылды. Қару-жарақ пен әскери техникаға, оқу сыныптарына, казармалар мен асханаларға экскурсиялар жүргізілді. Ата-аналар ұлдарының қызмет ету жағдайларымен танысып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап ала алды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға