Жаңалықтар

Еліміздегі әйелдер қауымының қоғамдағы рөлі артты - Дархан Қыдырәлі

Еліміздегі әйелдер қауымының қоғамдағы рөлі артты - Дархан Қыдырәлі
Фото: facebook.com/darhan.hidirali 07.03.2023 19:01 1018

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні қарсаңында ақпарат және азаматтық қоғам салаларында қызмет атқарып жүрген бірқатар қыз-келіншекке Мемлекет басшысының құттықтау хаттарын табыстады. Бұл туралы министр Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

"Министрлікке қарасты мекемелерде еселі еңбек етіп жүрген телеарна басшыларын, іргелі басылымдардың бас редакторларын, көпке белгілі журналистер мен тележүргізушілерді, волонтерлер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерін, әр саланың кәсіби мамандарын мерекелік алғыс хаттармен марапаттап, ақжарма тілегімізді айттық. Бүгінде «мылтықсыз майдан» аталатын ақпарат әлемінде, жалпы қоғамдық өмірдің, мемлекеттік қызметтің әр саласында еселі еңбек ететін әйелдер қатары аз емес. Бұл өз кезегінде еліміздегі әйелдер қауымының қоғамдағы рөлі арта түскенінің айқын дәлелі", - деп жазды министр.

Министрдің дерегінше, Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымының ақпаратына сүйенсек, Орталық Азия елдері арасында Қазақстан гендерлік теңдік саласы бойынша көшбасшы саналады. Қазақстан 2022 жылғы «Жаһандық гендерлік алшақтық» индексінде 146 ел арасында 15 сатыға жоғарылап, 65-ші орынға көтерілген. Елде білім берудегі гендерлік алшақтық азайып, басшы лауазымындағы әйелдер үлесінің артқаны байқалады.

"Аруларымыз бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеп, жасампаздық пен жақсылықтың жаршысы, шаңырақтың ұйытқысы ретінде елдігіміздің тұғырлы болуына зор үлес қосып келеді. Әйел – ана, әйел – жар, әйел – ару. Сондықтан әйелдер қауымы қандай құрметке болсын лайық. Сонымен бірге мерекеге орай министрлікте еңбек ететін әйелдер қауымын да құттықтап, оларға мерекелік көңіл күй сыйлауға тырыстық. Ардақты аналарымыз бен аяулы аруларымызды шуақты мерекемен тағы да құттықтаймыз!", - деп жазды Дархан Қыдырәлі.

Еліміздегі әйелдер қауымының қоғамдағы рөлі артты - Дархан Қыдырәлі

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға