Жаңалықтар

Еліміздегі 940 кәсіпорын жұмысшыларға 6,3 млрд теңге еңбекақы төлемеген

Еліміздегі 940 кәсіпорын жұмысшыларға 6,3 млрд теңге еңбекақы төлемеген
Фото: ©El.kz/Нүркен АЛИШЕВ 21.11.2023 16:24 1026

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов 24 мың жұмыскердің жалақысы дұрыс төленбегенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Биыл мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 940 кәсіпорны 6,3 млрд теңгеден астам сомаға 24 мың жұмыскерге жалақы бойынша берешек екенін анықтады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 22 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды. Оларға 5,4 млрд теңге төленді.

Бүгінгі күні республиканың 34 кәсіпорнының 1,9 мыңнан астам жұмыскері алдындағы жалақы бойынша қалдық берешегі 910,3 млн теңгені құрайды, - деді Төлеген Оспанқұлов.

Оспанқұлов жалақы бойынша берешекті болдырмау мақсатында тәуекел аймағындағы кәсіпорындардағы жағдай әлеуметтік әріптестік жөніндегі республикалық және өңірлік үшжақты комиссиялардың отырыстарында жүйелі түрде қаралатынын атап өтті. Бұдан басқа, мемлекеттік еңбек инспекторының жұмыс берушінің жалақы бойынша берешегін төлеуі туралы нұсқамасының орындалуға міндетті құжаттың күші болады.

Жергілікті атқарушы органдар жұмыскерлердің жалақысын арттыру бойынша кәсіпорындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бірлескен жұмыс нәтижесінде еліміздің ірі және орта кәсіпорындарының 11 мыңнан астам жұмыс берушісі осы жылы 2,9 млн-нан астам жұмыскердің жалақысын 5-тен 50%-ға дейінгі мөлшерде көтерді, - деп толықтырды бас мемлекеттік еңбек инспекторы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға