Жаңалықтар

Елімізде ІТ мамандарын даярлайтын жоба іске асырылады – Назгүл Бажаева

ІТ мамандарын даярлайтын жобаның жоспары таныстырылды
Елімізде ІТ мамандарын даярлайтын жоба іске асырылады – Назгүл Бажаева
Фото: Миражан Махан 22.07.2022 13:34 1989

2025 жылдың соңына дейін елімізде кемінде 20 мың білікті ІТ маманын дайындау жоспарланып жатыр. Бұл туралы Amanat партиясының баспасөз орталығында Цифрлық трансформация департаментінің директоры Назгүл Бажаева айтты, – деп хабарлайды El.kz.

– 15 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен цифрландыруды дамыту ақпараттық қауіпсіздік және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Қазіргі таңда елімізде «Қазпошта» базасында азаматтардың мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік беретін цифрлық орындар құру жоспарланып жатыр. Енді бюджет есебінен құрылған жүйелер мемлекеттік болып саналады. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің электрондық архитектураларының орнына электронды үкіметтің бірыңғай архитектурасына енгізілетін болады. Қазіргі кезде азаматтардың көбісі мемлекеттік қызметтерді смартфон арқылы алуды қалайды. Сол себепті заң жүзінде «eGov mobile» қосымшасының қызметін кеңейттік. Қазірдің өзінде 19-дан астам цифрлық құжаттардың түрі генерацияландырылды. Оған жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, вакцина паспорты және тағы да басқа құжаттар жатады, – деді Назгүл Бажаева.

Азаматтық халық актілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерді беру тәртібі өзгертілді. Енді бала туғаннан, некеге тұрғаннан және ажырасқаннан кейінгі берілетін куәліктер азаматтың электрондық eGov жеке кабинетіне түсетін болатынын атап өтті.

– Бұл ретте құжаттардың қағаз нұсқасын алу құқығы өтініш хат берген жадайда сақталатын болады. Сонымен қатар, азаматтар құжаттардың цифрлық нұсқаларын толыққанды пайдалана алады. Өйткені, оған қағаз нұсқаларымен теңдей пайдалану мүмкіндігі берілді. Қазіргі таңда ауыл тұрғындарына мемлекеттік қызмттерді алу үшін «Азматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелері орналасқан аудан орталықтарына немесе қалаларға барып, уақыт пен қаражат шығындауына тура келеді. Цифрлық орындар – компьютермен және ұйымдастыру техникасымен жабдықталған, интернетке қолжетімді, азаматтарға сол жерде қызметтерді өз бетінше алуға мүмкіндік беретін жұмыс орны. Осындай цифрлық нүктелер Қазпоштаның 2000 ауылдың бөлімшелерінде ашылады. Қазіргі таңда цифрлық орындар Шығыс Қазақстанда өз жұмысын бастады, – деді Назгүл Бажаева.

Сондай-ақ, Назгүл Бажаева IT саласындағы білікті кадрлардың тапшылығы мәселесін шешу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.

– Елімізде ІТ мамандарын даярлайтын жобаны іске асыру жоспарланып жатыр. Жас мамандарды тарту мақсатында бағдарламалау мектептерінде оқуға арналған арнайы гранттар қарастырылды. Бұл жоба «Astana Hub» және ІТ-мектептермен бірлесіп іске асырылады. 2023 жылдан бастап бұл жоба бойынша мамандарды оқытуды бастаймыз. 2025 жылдың соңына дейін кемінде 20 мың білікті ІТ-маманын дайындау жоспарланып отыр, – деді Назгүл Бажаева.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға