Жаңалықтар

Елімізде алғаш рет ТМД-ның армия ойындары өтті

Елімізде алғаш рет ТМД-ның армия ойындары өтті
12.07.2022 05:04 1778

Алматыда ТМД-ға қатысушы мемлекеттер қарулы күштері Достастық елдерінің Қорғаныс министрлері кеңесінің 30 жылдығына арналған III әскери-спорттық ойындары аяқталды, деп хабарлайды EL.KZ министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық спорт клубы алаңдарында шекаралас шет елдердің жеті елінен 250-ден астам спортшы әскери-спорттық көпсайыстың бес түрінен сынға түсті. Әскерилер армиялық қоян-қолтық ұрыс, штаттық қарудан оқ ату, әскерилендірілген кросс, офицерлік үшсайыс және гір көтеруден өзара мықтыны анықтады.

ТМД әскери спортшыларының ойындары елімізде алғаш рет өткізілді. Жоспар бойынша спорттық іс-шара 2020 жылы өтуі керек болатын. Алайда, пандемияға байланысты спорттық жарыстарды кейінге шегеруге тура келді. Жарыс жоғары деңгейде өткізіліп, спорттық  рух пен әскери достықтың жарқын көрінісін көрсетті. Төрешілер құрамы барынша әділ және кәсіби түрде жұмыс істей алды, – деді өз сөзінде жарысты қорытындылаған ҚР Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының бастығы – Спорт комитетінің төрайымы, Олимпиада ойындарының чемпионы әрі Еңбек сіңірген спорт шебері Ольга Шишигина.

Жалпыкомандалық біріншілікте Ресей Қарулы күштерінің құрамасы жеңіске жетсе, Өзбекстан әскери спортшылары екінші, Қазақстан құрамасы үшінші орынға тұрақтады.  

Естеріңізге сала кетейік, ТМД әскерлерінің бірінші және екінші әскери-спорттық ойындары Ресей мен Қырғызстанда сәйкесінше 2015 және 2017 жылдары өткізілген. Төртінші ойындар Өзбекстанда ұйымдастырылатын болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға