Жаңалықтар

Елімізде адам саудасына қарсы заң әзірленіп жатыр

Өкілетті органдар бұл салада тиісті жұмыстарды атқарып жатыр.
Елімізде адам саудасына қарсы заң әзірленіп жатыр
Фото: inform.kz 27.07.2022 03:28 1927

Ішкі істер министрлігі Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті басшысының міндетін атқарушы Қанат Нұрмағамбетов елімізде адам саудасына қатысты қандай қылмыстар анықталып жатқанын айтты, деп хабарлайды El.kz.

– Өкілетті органдар бұл салада тиісті жұмыстарды атқарып жатыр. Осы орайда министрлік жүйелі түрде республикалық әрі жедел алдын алу іс-шараларын өткізіп тұрады. Жалпы жыл сайын осы санаттағы 100-ге дейін сотқа дейінгі тергеу тіркеліп отыр, – деді Қ. Нұрмағамбетов Орталық коммуникациялар қызметіндегі дөңгелек үстел отырысында.

Оның айтуынша, басқа елдерге адамдарды заңсыз шығарумен айналысып келген ұйымдасқан топтардың әрекеттеріне тосқауыл қойылып келеді.

– 2021 жылдың желтоқсан айында трансұлттық қылмыстық топтың 17 мүшесі түрлі мерзімге жазаға тартылды. Олар адам саудасымен айналысқан және адамдарды Бахрейн Корольдігіне жеткізіп отырған, – деді ол.

БҰҰ мәліметтеріне қарағанда, адам саудасы бойынша ең көп тараған бағыты аясында әйелдер сексуалды мақсатта пайдалану үшін құлдыққа жегіледі. Осы орайда адам трафигіне байланысты жағдайлардың 54 пайызы аталған қылмысқа тиесілі.

– Елімізде де адам саудасында әйелдерді сексуалды мақсатта пайдалану түрі кеңінен тараған. Ал ер адамдарды мәжбүрлі түрде жұмысқа салады. Сонымен қатар асырап алу үшін нәрестелер мен бүлдіршіндерді сату фактілері де анықталып жатыр, – деді Қанат Нұрмағамбетов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға