Жаңалықтар

Елімізде 829,2 мың литр заңсыз алкоголь өнімі айналымнан алынды

21.06.2022 12:43 1006

Қазақстанда алкоголь өніміне акциздерден түсімдер екі есеге дейін ұлғайды. 2022 жылдың 5 айында Қазақстан Республикасының аумағында өндірілетін алкоголь өнімдеріне салынатын акциздерден түсімдер 38,7 млрд теңгені құрап, 1,8 есеге өсім беріп отыр, деп хабарлайды El.kz Мемлекеттік кірістер комитетіне сілттеме жасап.

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, өткен жылдың сәйкес кезеңінде 21,9 млрд теңге түскен болатын. Жалпы жыл басынан бері айналымнан рұқсат құжаттары жоқ 829,2 мың литр заңсыз алкоголь өнімі және есепке алу-бақылау маркалары айналымнан алынған. 

«Ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап жұмыстан тыс (түнгі) уақытта заңсыз айналым өндірісін болдырмау үшін алкоголь өнімін өндіру желілерінде электр энергиясын есептеуіштер орнатылды. Сонымен қатар акциздің өсуі алкоголь өнімінің өндірісі мен импорты көлемінің ұлғаюымен, сондай-ақ сыраға арналған акциз мөлшерлемесінің 1 литрге 57 теңгеден 79 теңгеге дейін және табиғи емес шараптарға 35 теңгеден 100% спирттің литріне 2 550 теңгеге дейін артуымен байланысты», – делінген мәліметте.

Ал қаңтар айынан бастап «Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Заңмен коньяк пен брендиге ең төменгі бөлшек сауда бағаларын реттеу енгізілді, ол 1 литрге 2 930 теңгені құрайды, тиісінше «псевдо-коньяк» өндірісі азайды және күшті ликер-арақ өнімдері ретінде акциз төлеу 100% спирт теңге/литр 250 теңгеден 2 550 теңгеге дейін құрады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға