Жаңалықтар

Елімізде жыл сайын 2 мыңнан астам адам жол апатынан көз жұмады

Елімізде жыл сайын 2 мыңнан астам адам жол апатынан көз жұмады
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney 25.07.2024 19:00 442

Қазақстанда жыл сайын жол апатынан 2 мыңнан астам адам қаза тауып, 19 мыңнан астамы түрлі жарақат алады. Бұл мәліметті Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Спикер өз сөзінде жолдағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында кешенді шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. Алайда талдау көрсеткендей, олар жеткіліксіз болып отыр.

Осы жылы 10 мыңнан астам жол апаты тіркелді, онда 981 адам қаза тауып, 12 мыңнан астам адам жарақат алды. Бұл алты айдың қорытындысы бойынша. Жол апаты мен жарақат алғандар саны бойынша айтарлықтай өсім алу себебін айта кетейін. Ол жол көлік оқиғаларын есепке алу өлшемдерінің өзгеруіне байланысты. Бас прокуратураның жаңа талаптарына сәйкес барлық жол апаты тіркеледі және жол апатынан кейін медициналық мекемелерге жүгінген адамдар да есепке алынады. Бұған дейін есепке, денсаулығына зиян келгені медициналық расталған жол апаттары ғана тіркелетін, - деді Қайсар Сұлтанбаев.

Бұдан өзге Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы жолдағы тәртіптің төмендігін алға тартты. Заң бұзушылықтардың жыл сайын өсуі жүргізушілер тәртібінің жақсармағанын, тіпті кейбіреулері жол ережелерін жүйелі түрде өрескел бұзушылар екенін көрсетеді. 

Спикердің мәліметінше, жыл басынан бері полиция 6 млн-ға жуық жол ережесін бұзушыларды анықтады. Оның ішінде 238 мың жаяу жүргіншіге айыппұл салынған. 12 мыңнан астам жүргізуші мас күйінде ұсталып, қарсы жолаққа шығудың 5 мың дерегі анықталды. Сот шешімімен 14 мыңға жуық жүргізуші басқару құқығынан айырылды, 12 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік қамауға алынды.

Жыл басынан бері мас жүргізушілердің кінәсінен 178 жол апаты орын алып, онда 26 адам қаза тапты. 234 адам жарақат алды, - деді Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға