Жаңалықтар

Елімізде жұмыс күші тапшы өңірлерге 5 мыңға жуық адам қоныс аударған

Елімізде жұмыс күші тапшы өңірлерге 5 мыңға жуық адам қоныс аударған
Фото: ©El.kz/Арман Шеризат 29.07.2024 10:42 378

2024 жылдың басынан бері 5 мыңға жуық адам өз еркімен қоныс аудару мүмкіндігін пайдаланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша ерікті қоныс аудару шеңберінде жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге 4 869 адам, оның ішінде 1 891 қандас және 2 978 қоныс аударушы көшіп келді. Барлық қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді. Осы жылдың соңына дейін 9483 адамды көшіру жоспарлануда.

Қоныстандыру өңірлері бөлінісінде Павлодар облысына – 2 036 адам, Солтүстік Қазақстан облысына – 1 163 адам, Қостанай облысына – 540 адам, Шығыс Қазақстан облысына – 402 адам, Абай облысына – 362 адам, Ақмола облысына – 285 адам, Қарағанды облысына – 43 адам, Ұлытау облысына – 38 адам қоныс аударды.

Қоныстану аймақтарына көшкен қандастарымыз негізінен Өзбекстаннан – 631 адам, Моңғолиядан – 616 адам, ҚХР – 472 адам, Ресейден – 110 адам, басқа елдерден – 62 адам келген.

1 491 еңбекке қабілетті қоныс аударушы мен 944 қандастың 1 288-і жұмысқа орналастырылды, 111 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысады, 1 адам бизнес ашу үшін грант алды.

Қоныс аударушылар мен қандастар денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, білім беру және өнеркәсіп салаларына жұмысқа орналасты. 

Қоныс аударған кейіпкерлеріміздің бірі –  Көпбаевтар отбасы, олар қоныс аударғаннан кейінгі өмірлеріндегі оң өзгерістерімен бөлісті.

Біз өңірлік қоныс аудару квотасына 2024 жылы қосылдық. Жетісу облысының Талдықорған қаласынан Абай облысының Аягөз қаласына көшіп келдік, – деді Рауан Көпбаев.

Рауан І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін «Қаржы және несие» мамандығы бойынша бітірген. Жаңа тұрғылықты жеріне келгеннен кейін ол мемлекеттік мекемеге бас бухгалтер болып жұмысқа орналасты.

Рауанның жұбайы бұрын «Бастау мектебі» ЖШС-де офис-менеджер болып жұмыс істеген, ал қазір декреттік демалыста. Ол «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өтіп, өзінің бизнес-жобасын сәтті қорғады. Жазда Көпбаевтар отбасы өз ісін ашу үшін 1 млн 476 мың 800 теңге көлемінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған грант иегері атанды.

Біз көптен бері бөдене өсіру кәсібін жолға қоюды ойластырып жүргенбіз, енді міне ойымыз жүзеге асқалы отыр. Бөлінген қаражатқа инкубатор, брудер, ауа баптағыш, тоңазытқыш, мұздатқыш және желдету жүйесін сатып алғалы отырмыз. Біз мемлекет тарапынан осындай қолдау шаралары көрсетіліп жатқанына дән ризамыз, – деп бөлісті Рауан.

Естеріңізге сала кетейік, ерікті қоныс аудару аясында қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай шаралары ұсынылады:

- отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде көшуге арналған бір реттік субсидия;

- отбасы мүшелері саны мен елді мекенге байланысты 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде 12 ай ішінде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ай сайынғы субсидиялау;

- қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама;

- жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу;

- экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беру.

Бұдан басқа, өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге тұрғын үймен қамтамасыз етілген және кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылданған әрбір қызметкер үшін 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия беріледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға