Жаңалықтар

Елімізде жүк тасымалдаушылардың халықаралық нарықтағы үлесі 7%-ға жетті

Елімізде жүк тасымалдаушылардың халықаралық нарықтағы үлесі 7%-ға жетті
Фото: pixabay.com 04.01.2023 10:05 1429

Қазір халықаралық жүк тасымалы нарығындағы қазақстандық тасымалдаушы компаниялардың үлесі – 7%, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі ҚР ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес теңіз порттарын «Ақтау теңіз порты» АЭА құрамына енгізу мәселесі пысықталып, бұл өз кезегінде әлеуетті инвесторлар үшін порт инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жобалардың тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Заңнамалық жұмыстар аясында суға батқан кемелерді жою мәселелеріне қатысты халықаралық шарттардың нормаларын имплементациялау (халықаралық міндеттемелерді мемлекеттің ішінде іске асыру, сондай-ақ халықаралық-құқықтық нормаларды ұлттық құқықтық жүйеге енгізудің нақты тәсілі) бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр.

2022 жылдағы 11 айдың қорытындысы бойынша былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда теңіз порттары арқылы жүктерді ауыстырып тиеу көлемі 19%-ға өскен. Оның ішінде контейнерлік тасымалдар 24%-ға ұлғайды. Сондай-ақ теміржол көлігі бойынша жүктерді тасымалдау және жүк айналымы 6%-ға артқан.

Бұл ретте 2022 жылы теміржол көлігі саласындағы ірі жобалардың бірі «Достық – Мойынты» учаскесінің екінші жолының құрылысы басталғанын айта кеткен орынды.

Сонымен қоса транзиттік учаскелердегі «тар шеңберлі» жерлерді жойып, тасымалдау көлемін ұлғайту үшін «Дарбаза – Мақтаарал» жобасы бойынша техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу мен «Бақты – Аягөз» теміржол учаскесінің құрылысы бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді.

2023 жылға арналған жоспарлар туралы тоқталсақ, жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында жолаушылар вагондарын сатып алу мен еліміздегі автобус паркін жаңарту межеленіп отырғанын атап өткен жөн. Теңіз көлігі саласына келсек, бұл бағытта Ресей елімен теңізшілердің кәсіби дипломдарын өзара мойындау туралы келісім жасау жөнінде жұмысты жалғастыру көзделген.

Көлікті цифрландыру саласында «Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесін» пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл жүйе тауар-көлік жүкқұжаттары мен жол парақтарын электронды форматқа ауыстыруға септігін тигізеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға