Жаңалықтар

Елімізде жоғары білімді ер азаматтар үлесі 17% тең: грант санын шынымен азайту керек пе?

Елімізде жоғары білімді ер азаматтар үлесі 17% тең: грант санын шынымен азайту керек пе?
Фото: facebook.com/kuanysh.yergaliyev 09.08.2023 11:50 1669

Қазақстанда түлектерді жоғары біліммен жалпы қамту 62%-ды құрайды, бұл көптеген елден едәуір төмен. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев әлеуметтік желілердегі жеке парақшасында мәлімдеді.

Вице-министрдің айтуынша, еліміздің халықтың жоғары біліммен қамтылуы бойынша деңгейі Ресейден де төмен болып шықты. Бұл тұрғыда ерлердің үлесі 20% да жетпейді.

Оқи отырыңыз:

Ұлттық статистика бюросының 2021 жылғы мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда түлектерді жоғары біліммен жалпы қамту 62% құрайды, бұл көптеген елден едәуір төмен (Ресей – 82%, Оңтүстік Корея – 94%, Ирландия – 78%, Беларусь – 81%). Ал жалпы елімізде жоғары білімі бар азаматтардың статистикасына қарасақ, ерлердің үлесі 17%, әйелдердің үлесі 21%-ды құрайды. Бұл – төмен көрсеткіш, - деді ол.

Вице-министр әлеуметтік желіде білім гранттарының санын азайту туралы талқыланып жатқан мәселеге де тоқталды.

Биыл елімізде 174 мыңнан астам түлек мектеп бітірді. Сондай-ақ 140 мыңға жуық түлек колледж бітірді. Олардың ішінде 94 мың түлек грант конкурсына қатысты. Ал бөлінген грант саны – 73 мың. Статистикаға қарасақ, грант негізсіз бөлінді деп айтуға келмейді. Керісінше, Үкіметтен бөлінген гранттар жастарды шетелден тегін оқу іздемей, елімізде қалуына және халықтың жоғары білім жеңгейін арттыруға септігін тигізері сөзсіз, – деп жазады Қуаныш Ерғалиев Facebook желісіндегі жеке парақшасында.

Сонымен қатар ол жастарға мемлекеттен көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың маңыздылығы туралы жазды. 

Тағы бір айта кетерлік маңызды жайт, түлектерге бөлінген гранттардың жартысынан көбі әлеуметтік осал санаттарындағы адамдарға арналған. Квоталардың үлесі мемлекеттік гранттардың жалпы санының 53,5%-ын құрайды, оның ішінде 35%-ы ауыл жастарына бөлінген. Әлеуметтік осал топтарға барлығы 9 квота қарастырылған. Елімізде жоғары білім барлығына бірдей қолжетімді болуы тиіс. Осы орайда Үкіметтен гранттардың бөлінуі, әлеуметтік қолдау көрсетілуі жастардың дамуына әсер етеді. Мемлекет тарапынан жастайынан қолдауды сезініп өскен бала болашақта да еліміз үшін аянбай еңбек етері сөзсіз. Оны өз тәжірибемнен жақсы білемін, – деді министрдің орынбасары.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға