Елімізде ұзақ мерзімді салымдар көлемі артқан
2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша халықтың Қазақстан банктеріндегі ұлттық валютадағы ұзақ мерзімді салымдары 7,9 трлн теңгеге жетті, бұл өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда, 10%-ға артық, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ranking.kz дерегінше, теңгедегі ұзақмерзімді депозиттер нарығы тұрақты әрі қарқынды өсім көрсетіп отыр, бұл – қазақстандықтардың қаржы жүйесіне және ұлттық валютаға деген сенімін айқындайтын маңызды көрсеткіш. Салыстырар болсақ, 2024 жылы мұндай салымдардың көлемі 7,1 трлн теңгені, 2023 жылы 5,8 трлн теңгені, 2022 жылы 4,1 трлн теңгені құраса, ал бес жыл бұрын, 2020 жылы небәрі 2,3 трлн теңге болды. Демек, соңғы бес жылда нарық көлемі 3 еседен астам өскен, ал орташа жылдық өсім қарқыны 28%-ды құрайды.
Қазақстандағы барлық ЕДБ ішінде ұзақмерзімді депозиттердің көлемінің өсімі бойынша Отбасы банк көш бастап тұр: салымдар бір жылдың ішінде 208,5 млрд теңгеге немесе 9,1%-ға көбейді. Мұндай жоғары өсімнің басты себебі – қазақстандықтардың тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне (ТҮҚЖ) ерекше қызығушылығы, - делінген мәліметте.
Айта кетерлігі, Қазақстандағы ЕДБ-ның барлығы бірдей өсім көрсетті деп айта алмайсың: қарастырылған 15 қаржы институтының алтауы теріс динамика көрсеткен. Бұл банктерде салымдар 21 млрд теңге көлемінде азайды.
Теңгедегі ұзақмерзімді депозиттердің тұрақты өсімі халықтың қаржылық сауаттылығының артқанын әрі еліміздегі банк жүйесінің беріктігін айғақтайды. Бұл үрдісті экономикалық дамуға оң әсер ететін фактор ретінде қарастыруға болады, себебі ол ұзақмерзімді инвестицияларға негіз болып, қаржы нарығының ішкі тұрақтылығын күшейтеді, - деп қосты ұйым.

