Елімізде «Түркілердің кілем тоқу өнері» атты халықаралық көрме басталды
Ақтауда IV Түркі әлемі музейлерінің кездесуі – «Тас ескерткіштері – түркі әлемінің ортақ мұрасы» халықаралық симпозиумы аясында Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Түркілердің кілем тоқу өнері» атты халықаралық көрме өтуде, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Іс-шараға Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Нұртас Сали, ТҮРКСОЙ ұйымы түркітілдес қауымдастықтармен байланыс департаментінің басшысы Джавид Мөвсүмлү, ҚР ұлттық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы, шетелдік және отандық ғалымдар, музей ісінің жетекші мамандары қатысты.
Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында кілемнің 50-ден астам түрі сақталған. Осы қор негізінде дайындалған көрмеде сол мұралардың таңдаулы үлгілері мен өзге этнографиялық бұйымдардан құралған 90 нан астам жәдігер көпшілік назарына ұсынылады. Бұл көрменің ерекшелігі – алғаш рет экспозицияға музей қорындағы құнды жәдігерлермен қатар, түркі елдерінің дәстүрлі кілемдері де қойылып отыр. Атап айтсақ, Түркия, Өзбекстан, Түрікменстан, Әзірбайжан Гагаузия және Солтүстік Кипр елдерінің дәстүрлі кілемдері көрсетілуде. Экспозиция түркі халықтарының ортақ мәдени коды – ою-өрнек тілі мен түстер үйлесімін айшықтай отырып, Маңғыстау шеберлерінің өзіндік стильдік мектебін паш етеді, - деді Ә.Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Эльвира Абланова.
Айта кетейік, экспозицияға XIX–XX ғасырларға тән түкті және түксіз кілемдер, текеметтер, сырмақтар ұсынылды. Сондай ақ жүкаяқ, сандық, жастық ағаш, асадал, қоржын, керме, басқұр сияқты этнографиялық бұйымдар мен кілем тоқуға арналған дәстүрлі құрал-жабдықтар – ұршық, тоқпақ, қайшы, жүн тарақ, өрмек, ши және кілем тоқитын станоктар қойылды.

