Елімізде тұрақтандыру қорлары цифрлық бақылауға алынады
Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің қорларын басқаруда ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында Сауда және интеграция министрлігі «Қазақтелекоммен» бірлесіп тұрақты мониторинг алгоритмін әзірледі, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Аталған жобаның үш кезеңнен тұратыны айтылды. Оның ішінде бірінші кезең қойма және қорлар дерекқорын қалыптастыру болмақ. Бұл бағытта СҚО, Ақмола, Павлодар, Жетісу және Қостанай облыстарының әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары (ӘКК) тиімді жұмыс атқарып жатыр.
Ал екінші кезеңде қоймаларға бейнебақылау орнату және оны мобильді қосымша мен тауар қозғалысын қадағалау жүйесіне біріктіру. Бұл жұмыс Павлодар облысында басталған.
Үшінші кезеңде өндірушіден тұтынушыға дейінгі тауар қозғалысын бақылау үшін электрондық шот-фактуралар мен фискалдық деректер талданады. Осылайша, тауарлы-материалдық қорлар есебінен бастап, тауарды тұтынуға дейінгі бүкіл процесті онлайн бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық жүйе құрылмақ. Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік қолдауға көшу бойынша түзетулер дайындалды. Ақкөл қаласында пилоттық жоба іске қосылды, ал Павлодар мен Көкшетау қалаларында жобаны кеңейту жоспарланып отыр.
Жиын соңында Серік Жұманғарин Табиғи монополияларды реттеу комитетіне реттелетін қызметтердің бағасын өсірмеу бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Ал әкімдіктерге ӘКК серіктестері иелік ететін көкөніс қоймаларына бейнекамера орнату үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету жүктелді.

