Елімізде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі қалай қалыптасып келеді
Қазіргі жаһандық үрдістер еңбек нарығына мүлде жаңа талаптар қойып отып. Автоматтандыру, роботтандыру және жасанды интеллектке негізделген цифрлық дағдылар кәсіби білім беру мазмұнына терең енгізілуде.
Осы орайда оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде жүзеге асырылып жатқан іргелі реформалар кеңінен талқыланды. Бүгінде бұл сала ел экономикасын жаңғыртудың және жоғары технологиялық өндірісті дамытудың шешуші тетігіне айналып отыр.
Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында колледждерге бөлінетін мемлекеттік тапсырыс 145 мың орынға дейін ұлғайып, оның 70 пайызы техникалық бағыттарға берілген. Бұл – өндіріс пен индустрияға қажетті кадрларды мақсатты түрде даярлауға жасалған нақты қадам.
Сапаны арттыру бағытында WorldSkills стандарттарын ескеретін 11 мыңнан астам жаңа білім беру бағдарламасы әзірленді. Сонымен қатар, заңнамалық деңгейде IT мамандықтары бойынша онлайн-оқыту нормалары енгізіліп, икемді білім алу мүмкіндігі кеңейтілді. Бұл жастардың цифрлық экономика талаптарына сай бәсекеге қабілетті болуына жол ашады.
Дуальды оқыту жүйесі де қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда 11 мыңнан астам кәсіпорын мен 138 мың студент осы форматта жұмыс істеуде. Оның ішінде 43 мыңға жуық студент кәсіпорындардың нысаналы тапсырысы негізінде білім алып жатыр. Мұндай тәжірибе түлектердің оқу бітірген соң тікелей жұмысқа орналасуына кепілдік береді. Яғни, білім беру мен өндіріс арасындағы алшақтық біртіндеп жойылуда.
Әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту да назардан тыс қалған жоқ. Бір жылдың ішінде жатақханадағы орын тапшылығы екі есеге қысқарып, 187 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету білім сапасын арттыруға және практикалық машықтарды жетілдіруге мүмкіндік беріп отыр.
Халықаралық әріптестік аясында да елеулі нәтижелер бар. 11 оқу орны халықаралық аккредитациядан өтті, ал 700-ге жуық педагог пен студент шетелде тағылымдамадан өтіп, біліктілігін арттырды. Биыл алғаш рет Қазақстанда өткен TurkicSkills–2025 чемпионатына жеті ел қатысып, ұлттық кәсіби білім беру жүйесінің әлеуеті халықаралық деңгейде таныстырылды.
Алдағы кезеңде министрлік классикалық ұзақ мерзімді бағдарламалардан икемді модульдік әрі тәжірибеге негізделген траекторияларға көшуді жоспарлап отыр. ОЭСР елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып, қысқа мерзімді курстар мен нақты құзыреттерді меңгеруге бағытталған тағылымдамаларға басымдық берілмек. Бұл тәсіл еңбек нарығының жедел өзгеретін сұранысына дер кезінде бейімделуге мүмкіндік береді.
Өнеркәсіп пен білім беру ұйымдарының байланысын күшейту мақсатында металлургия, құрылыс және IT салаларындағы компаниялармен бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, колледж бағдарламаларын жоғары білім жүйесімен ықпалдастыру мәселесі қарастырылып жатыр. Алдағы 5-7 жылда модульдік бағдарламаларды университеттік оқумен ұштастыру мамандар даярлау сапасын жаңа деңгейге көтермек.
Стратегиялық мақсат айқын – колледж бағдарламаларын толық цифрландыру және виртуалды зертханалар арқылы халықаралық стандарттарды енгізу. Болжам бойынша, алдағы бес жылда білім беру бағдарламаларының кемінде 60 пайызы цифрлық форматқа көшеді. Бұл студенттердің академиялық мобильділігін арттырып, олардың жаһандық еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді.
Осылайша, модульдік оқыту, цифрландыру және өндіріспен тығыз ықпалдастық техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің негізгі басымдықтарына айналып отыр. Жаңа экономиканың берік іргесі – сапалы даярланған жұмысшы кадрлар екені уақыт талабымен дәлелденуде.

