Елімізде Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі әзірленуде
Қазақстанда су ресурстарын басқарудың бірыңғай цифрлық кеңістігі қалыптасып келеді. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Оның айтуынша, мемлекет басшысының су секторын цифрландыру жөніндегі тапсырмалары аясында негізгі жоба – Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін енгізу жұмыстары жүзеге асырылып жатыр.
Аталған ақпараттық жүйе электрондық үкіметтің, ведомствоаралық интеграцияның және ақпараттық қауіпсіздіктің белгіленген стандарттарына сәйкес әзірленуде. Қазіргі уақытта жүйенің базалық функциялары іске қосылып, аналитика және болжау тетіктері енгізіліп жатыр.
11 мемлекеттік ақпараттық жүйені интеграциялау нәтижесінде суды басқарудың бірыңғай цифрлық кеңістігі қалыптасады. Бұл деректердің дұрыстығын арттырып, басқару шешімдерінің тиімділігін қамтамасыз етеді, – деді Жаслан Мәдиев.
Министр сондай-ақ перспективалық жобалардың бірі ретінде электрондық шарттар жасасу және су тұтынуды болжау жүйесін атап өтті. Қазіргі таңда бұл жүйе пилоттық режимде жұмыс істеп тұр, ал оны өнеркәсіптік пайдалануға беру осы жылдың соңына дейін жоспарланып отыр. Азаматтар үшін ыңғайлылықты арттыру мақсатында жүйені Egov mobile, екінші деңгейлі банктер және 1С платформаларымен интеграциялау көзделген.
Сонымен қатар биыл елімізде 103 суару каналын автоматтандыру жұмыстары басталады. Атап айтқанда, Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстарында су бекітпелерін қашықтан басқару жүйесі енгізіледі. Ислам даму банкінің қолдауымен тағы 264 суару каналын цифрландыру жоспарланып отыр.
Суды жоспарлау және басқаруға арналған арнайы бағдарламалық қамтылым енгізіледі. Қашықтан басқару пульттері арналарды аралап тексеру қажеттілігін азайтып, судың таралуын тәулік бойы автоматты түрде бақылауға мүмкіндік береді.
Бұған дейін су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов елімізде су шаруашылығы саласына цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған кешенді әрі жүйелі шаралар жүзеге асырылып жатқаны туралы айтып еді.

