Жаңалықтар

Елімізде шетелдік жұмыс күшін тартуға квота қысқартылған

Еліміздегі көші-қон саясатына тоқталды
Елімізде шетелдік жұмыс күшін тартуға квота қысқартылған
Фото: ОКҚ 13.12.2022 16:07 2074

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті көрші елден, оның ішінде тіркеусіз бейресми жүрген азаматтарды тіркеу және қадағалау жұмысын қолға алмақ, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бұл туралы баспасөз брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов мәлім етті.

Айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанға келетін азаматтар визалы және визасыз мемлекеттен келуде.

«Бүгінде Өзбекстаннан және басқа да көрші елден келгендерге 30 күн және Еуропадан келетіндерге 90 күн ішінде елде тіркеусіз жүруге рұқсаттары бар. Олардың жүріп-тұруын ретке келтіру мәселесін қолға алудамыз. Еліміздің ішкі еңбек нарығын қорғау үшін мемлекет арнайы квота береді. Квотаға байланысты елімізге білікті мамандар қажет болған жағдайда, оларды квота арқылы шет елден алып келуге мүмкіндік бар. Былтырғы жылмен салыстырғанда 7 мыңға квота беру азайып отыр. Қазіргі уақытта 21 мың квота бекіткен болсақ, нақты Қазақстан аумағында жергілікті атқарушы органның рұқсатымен 14 957 шетелдік жұмыс жасауда. Уақыты біткен кезде елден шығару мәселесі де қаралатын болады», – деді ол.

Баспасөз мәслихатында сарапшы көші-қонның этникалық реттеу бағытына тоқталып өтті.

«Бірінші шетелде тұратын этникалық қазақтардың мүмкіншіліктерін пайдалану. Осы мақсатта «Ата жолы» картасын (американдық Грин картаға ұқсас) енгізу ұсынылады. Аталған құжат жоғары деңгейдегі кәсіби маман немесе өз елдерінде бизнес-кейстерді сәтті іске асырған әрі оларды Қазақстанда жүзеге асыруға ықылас білдірген ұлты қазақ азаматтарға берілетін болады. Оларды тарихи Отанына қосқан үлесі үшін «Парыз» байқауы аясында Президенттік сыйлығымен марапаттау ұсыналады», – деп тілге тиек етті.

Сондай-ақ, ол қандастардың көшіп-қонын реттеу тетігін жетілдіру туралы айтты.

«Елге келетін қандастардың демографиялық үрдіске жұмылдыра отырып, жұмыс күші төмен өңірлерге жұмылдыру, жұмыс беру мәселесін шешу арқылы сол жерге орналастыру. 1991 жылдан бастап Республикаға 1 млн 105,7 мың этникалық қазақ келді. 2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша тарихи отанына келіп қандас мәртебесін алған 17 888 этникалық қазақ бар. Көшті бастап келгендер бүгінде немере-шөбере сүйіп отыр. Сол себепті, елімізде осы үрдісті жалғастыруды көздейміз. Ең бастысы, келем деген азаматтар қай жерге қоныстанатынын таңдап, қандас мәртебесін алып жұмыс жасай алады», – деді.

Брифингте босқындармен жұмыс туралы да мәселе көтерілді.

«Қазіргі геосаяси жағдайда кейбір мемлекетте болып жатқан жағдайға байланысты азаматтар елінен шығып кетуге мәжбүр болуда. Біздің елде де осы мәселе айналып өткен жоқ. Қазіргі уақытта елімізде 438 босқын және пана іздеп келген 722 адам тіркелген. Министрлік уәкілетті органдармен бірлесіп, ұлттық заңнама нормаларын БҰҰ стандарттарына сай сәйкестендіру бойынша ұсыныстар әзірлейтін болады. Бұл дәрежеге жеткізу үшін жұмысты жалғастыратын боламыз. Қазіргі таңда босқындармен жұмысты біздің комитет қадағалауға алған. Ең бастысы елге келіп тұруын заңдастыру және шеттетпей, өмір сүруге жағдай жасау, өзі еліне қайтару жұмысын қолға алу», – деді ол.

Алтыншы бағыт еңбек мигранты ретінде Қазақстан азаматтарының шетелге шығуына қатысты ол былай деді:

«Біздің жастар шет елге шығып, жоғары кәсіби қызмет атқаруда. Сол азаматтардың шетелдегі жұмысына байланысты еңбек құқықтарын қорғау мәселесін екіжақтағы мемлекетаралық келісімшарт арқылы реттеу мәселесі жолға қойылды. Екі мемлекеттің қол қойған келісімінің арқасында елшіліктің қызметкерлері қазақстандық азаматтарға көмектеседі. Бұдан бөлек біздің елден бұрын тұрып шығып кеткен және этникалық қазақтармен бірге құрған қоғамдық ұйымның да жұмысын қолдау мәселесі де қаралады», - деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға