Жаңалықтар

Елімізде Қытай инвестициясымен жаңа зауыт ашылады

Елімізде Қытай инвестициясымен жаңа зауыт ашылады
Фото: El.kz 02.03.2023 09:13 1282

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев қытайлық China Nonferrous Metals Mining (Group) Co., Ltd. металлургиялық компаниясының бас директорының орынбасары Лю Юй мырзамен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тараптар Қазақстанда мыс балқыту зауыты жобасын жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Марат Қарабаев шетелдік компанияның елімізде ірі жобаларды іске асыруда жоғары нәтижеге жеткендігін атап өтті. Олардың қатарында Қазақстандық электролиз зауыты, Ақтоғай және Бозшакөл жобалары бар.

"Қазақстанды инвестиция құю және өндірістік қуаттарды кеңейту үшін таңдағаныңызға алғыс айтқым келеді. Біз өңдеу өнеркәсібінің заманауи және технологиялық өндірістерін іске асыру үшін инвестициялар тартуға мүдделіміз. Өз тарапымыздан жобаны іске асырудың барлық кезеңдерінде қолдау көрсетуге дайынбыз",- деді ҚР ИИДМ басшысы.

Қазақстан тарапынан инвестициялық жобаны "Қазақмыс корпорациясы" және "KAZ Minerals" компаниялары жүзеге асырады. Зауыттың жобалық қуаты жылына 300 мың тонна катодты мысты құрамақ. Жоба инвестицияларды тартып қана қоймай, ұзақ мерзімді кезеңге бірнеше жүздеген жұмыс орындарын құруды көздейді.

Өз кезегінде China Nonferrous Metals Mining (Group) Co., Ltd. компаниясының бас директорының орынбасары Лю Юй Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының деңгейін жоғары бағалап, жаңа жоба тараптардың байланысын нығайта түсетіндігіне сенім білдірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға