Елімізде қай клубтар жекеменшікке берілді? ҚФФ бас хатшысы жауап берді
Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) бас хатшысы Давид Лория Үкімет отырысында отандық футболдың қазіргі даму бағыты мен алдағы жоспарлар туралы баяндама жасады. Ол клубтарды жекешелендіру процесін футболдың тұрақты дамуының маңызды қадамы деп атап өтті, алайда еліміздегі стадиондардың нашар жағдайы әлі де басты кедергі екенін ашық айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Клубтарды жекешелендіру: 45 миллиард теңге инвестиция
Бас хатшының айтуынша, бүгінде бірқатар отандық клуб жекешелендіру кезеңінен өтіп жатыр. 30 қазанда қызылордалық «Қайсар» клубы ресми түрде жекеменшікке өтіп, «TAU Group LTD» компаниясының басшысы Исламғали Қозбақовтың басқаруына берілді. Клуб жанынан футбол академиясын салу үшін қала әкімдігі арнайы жер телімін бөліп отыр. Жобаның жалпы құны – 12 миллиард теңге.
Сол сияқты «Қызылжар СК» клубын да жекешелендіру 7 қарашаға дейін аяқталмақ. Инвестор жыл сайын кемінде 1 миллиард теңге клубтың дамуы мен инфрақұрылымына, сондай-ақ жас ойыншыларды дайындауға жұмсамақ.
Астана әкімдігі «Жеңіс» клубына да заманауи футбол академиясын салуға жер бөліп, жекешелендіру процесін жүргізіп жатыр. Бұл бағыттағы инвестиция көлемі шамамен 16 миллиард теңгені құрайды.
Келесі кезекте Қарағандының «Шахтері» тұр. Клуб мүлкі толық бағаланып, қараша айында мәслихаттың қоғамдық тыңдаулары өтпек. Содан кейін аукцион арқылы жекеменшікке сатылады. Инвестиция көлемі 18 миллиард теңге, оның 12 миллиарды академия құрылысына, 6 миллиарды балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға бағытталады.
Жалпы, клубтарды жекешелендіру арқылы футбол саласына 45 миллиард теңгеден астам жеке инвестиция тартылып отыр. Бұл – мемлекеттік бюджетке салмақ түсірмей, футболдың тұрақты дамуына мүмкіндік беретін маңызды қадам, – деді Лория.
Стадиондарымыз заман талабына сай емес
Бас хатшы баяндамасында футболдың дамуы үшін инфрақұрылымның сапасы шешуші рөл атқаратынын ерекше атап өтті.
Біз соңғы жылдары футболдың танымалдығының артқанын көріп отырмыз. 2025 жылғы Премьер-лига матчтарына 1 миллионға жуық көрермен келді – бұл рекорд. Бірақ, өкінішке қарай, көптеген ареналардың сыйымдылығы мен жағдайы бұл өсімді ұстап тұра алмай отыр, – деді ол.
Балалар мен бұқаралық футбол
ҚФФ бас хатшысы сондай-ақ балалар мен жастар футболына ерекше назар аударылып жатқанын айтты.
2025 жылы «Ұлттық мектеп лигасы» жобасына 850 мың оқушы, ал футзал бойынша 186 мың бала қатысқан. Сонымен бірге «Балдәурен» турнирінің финалына 220-дан астам бала жолдама алған.
Сонымен қатар УЕФА және ФИФА қолдауымен елде 100 шағын футбол алаңы салу жобасы басталды, оның екеуі қазірдің өзінде Көкшетау мен Хромтауда пайдалануға берілген.
«Елімай» – жаңа модельдегі пилоттық клуб
Семейдің «Елімай» клубы елдегі алғашқы «коммерциялық емес акционерлік қоғам» (НАО) форматындағы клубқа айналды.
Бұл модель клубтың ашықтығын арттырып, мемлекет, бизнес және қоғамның бірлесе жұмыс істеуіне жол ашады. «Реал Мадрид» пен «Барселона» сияқты клубтардың тәжірибесіне сүйеніп отырмыз, – деді Давид Лория.
Клубтың алғашқы акцияларының жалпы құны 100 миллион теңге, ал алғашқы акционерлер қатарында қоғам қайраткерлері мен спорт ардагерлері бар.
Қорытынды
Лория өз сөзінде футболдың дамуы тек клубтық деңгеймен шектелмеуі тиіс екенін, ол бүкіл қоғамды біріктіретін әлеуметтік күш екенін айтты.
Футбол – жай ойын емес, ол ұлттық мақтаныш пен бірліктің символы. Бірақ ол үшін бізге тек талант емес, сапалы инфрақұрылым мен тұрақты басқару қажет. Біз дұрыс бағытта келе жатырмыз, мұның бәрі Қазақстан футболының жоғары деңгейін айшықтайды, – деді ҚФФ бас хатшысы.
Рас, биыл футболға деген көрермен қызығушылығы біраз артқандай. Бұған «Қайрат» клубының тұңғыш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шығуы да әсер еткені анық. Алайда, Лория айтқандай, отандық футбол жоғары деңгейге жетті деуге әлі ерте. Еліміздегі стадиондардың жағдайы мен инфрақұрылымның тапшылығына, әсіресе өңірлердегі қажетті құрал-жабдықтың жетіспеушілігін, спорттағы медицина мәселесін сараласаң, ел футболы сапалы серпіліс жасады деп айту қиын.

