©Pixabay.com

Елімізде қант қызылшасын жинау науқаны аяқталды

21.12.2024 05:30

Елімізде қант қызылшасының орташа өнімділігі гектарынан 535,5 центнерді құрап, шамамен 1,3 млн тонна жиналды. Үкіметте премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте қант қызылшасын жинау нәтижелері қарастырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

20 желтоқсандағы жағдай бойынша қазақстандық қант зауыттары өңдеуге 988,6 мың тонна  өнім қабылдады: «Ақсу қант» зауыты – 351,7 мың тонна (оның ішінде Жамбыл облысынан – 39,3 мың тонна);

Көксу қант зауыты – 252,6 мың тонна;

Меркі қант зауыты – 384,3 мың тонна.

Қалған өнім өңдеуге дейін фермерлердің қант қызылшасы үйінділерінде сақтаулы.

Сонымен қатар фермерлерге қант қызылшасын қай зауытқа тапсырғанына қарамастан, қолданыстағы тәртіп бойынша әкімдіктер мен қант зауыттары тарапынан субсидиялар төленеді.