Елімізде қандай мамандарға сұраныс артты?
2024 жылғы шілдеде Электрондық еңбек биржасында 104,4 мың бос жұмыс орны және 132,4 мың түйіндеме орналастырылды, деп хабарлайды El.kz.
Өткен аймен салыстырғанда бос орындар саны 11% - ға (10 мың бірлікке), ал өзекті түйіндемелер саны 49% - ға (43,6 мың бірлікке) өсті. Бұл ретте орта білікті қызметкерлерге сұраныс артты.
Білім беру, денсаулық сақтау және басқа да қызмет түрлері саласындағы кәсіпорындар басым белсенділік көрсетті, олар барлық бос жұмыс орындарының жартысынан көбін, яғни – 51,9 мың бос жұмыс орнын орналастырған
Сұраныс пен ұсыныс құрылымында әртүрлі біліктіліктегі қызметкерлер арасында тепе-теңдік байқалғанына қарамастан, өткен аймен салыстырғанда орташа білікті жұмыскерлерге сұраныс 14%-ға (6,1 мың бос орынға) өсті. Сонымен бірге ұсыныстың ең үлкен өсімін біліктілігі жоғары ізденушілер көрестті, олардың түйіндемелерінің саны 41%-ға (18,8 мың түйіндемеге) өсті.
Өңірлер бөлінісінде жұмыс берушілердің белсенділік динамикасында әртүрлілік байқалады. Төрт өңірде сұраныстың төмендеуі тіркелді: Жамбыл облысында – 43%-ға (2,9 мың бос орын), Алматы облысында – 27%-ға (1,6 мың бос орын), Маңғыстау облысында – 1%-ға (20 бос орын), сондай-ақ Шымкент қаласында – 9%-ға (331 бос орын). Бұл ретте сұраныстың өсуі бойынша Қарағанды облысы (19% немесе 1,9 мың бос жұмыс орны), Алматы қаласы (15% немесе 1,5 мың) және Павлодар облысы (14% немесе 1,4 мың бос жұмыс орны) көш бастады, - делінген хабарламада.
Сұранысқа қарағанда барлық аумақта өтініш берушілердің ұсынысы артты. Ең үлкен белсенділік Шымкент қаласында (+167% немесе 9,4 мың түйіндеме), Қызылорда облысында (+87% немесе 4,3 мың түйіндеме) және Батыс Қазақстан облысында (+66% немесе 2,5 мың түйіндеме) байқалады.
Оқу кезеңінің басталуына байланысты білім беру және тәрбие саласы бойынша жұмыс іздеушілер белсенділігінің айтарлықтай өсуі байқалады –ұсыныс өткен аймен салыстырғанда екі есе (+10,9 мың түйіндеме) көбейген. Ең көп түйіндеме Астана (2,5 мың түйіндеме), Алматы (2,4 мың түйіндеме) қалаларында, сондай-ақ Түркістан облысында (1,8 мың түйіндеме) орналастырылды.
Шілде айында жұмыс берушілер арасында автокөлік жүргізушілері (2,3 мың түйіндемемен 2 мың бос жұмыс орны), тәрбиешілер (2,1 мың түйіндемемен 1,9 мың бос жұмыс орны) және медбикелер (2 мың түйіндемемен 1,6 мың бос жұмыс орны) ең көп сұранысқа ие болды. Бұл ретте келесі мамандықтарға сұраныс едәуір өсті: тігіншілер (+0,6 мың бос жұмыс орны), математика мұғалімдері (+320 бос жұмыс орны) және тәрбиешінің көмекшілері (+300 бос жұмыс орны).
Шілде айында жұмыс берушілер ең жоғары жалақыны бас құрылысшыларға орташа есеппен айына 731 мың теңгеден бастап және бас агрономдар (~576 мың теңге) мен актуарийлерге (532 мың теңгеден бастап) ұсынды. Бұл ретте өз түйіндемелерінде жұмыс іздеушілердің жоғары жалақыны күтуі кеме капитаны (орта есеппен 1,7 млн теңгеден бастап), МРТ дәрігері (~1 млн теңге) және коммерциялық кәсіпорындардың IT-бөлімшелерінің басшылары (~992 мың теңге) сынды мамандықтарда көрініс тапты.
Осылайша, 2024 жылдың шілдесінде Электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілердің де, жұмыс іздеушілердің де белсенділігі айтарлықтай өсуі байқалды, әсіресе ол білім беру және денсаулық сақтау салаларында айқын көрінді. Орта білікті қызметкерлерге сұраныстың артуы және жоғары білікті мамандар тарапынан ұсыныстардың өсуі еңбек нарығындағы өзгермелі қажеттіліктерді көрсетеді.