El.kz

Елімізде қандай мамандар қажет?

Ел билігі қазіргі таңда жақын болашақта пайда болуы мүмкін кадр тапшылығы мәселесін шешудің жолдарын іздеп жатыр. Бұл орайда, жұмыссыздықпен күресіп қана қоймай, елдің экономикалық болашағын қамтамасыз ететін білікті мамандарды да даярлау керек. Бүгіннің басты міндеті – осы.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2030 жылға қарай ел экономикасына 1,6 миллионнан астам маман қажет болады, соның ішінде 875 мың адамның кәсіптік-техникалық білімі болуы керек.

Зерттеулер мен деректерден аңғарғанымыз, биылдан бастап Қазақстанда жұмысшы мамандықтарға деген сұраныс жыл сайын арта түседі. Жалпы қажеттілік 403 мың адамды құрайтын көрінеді. Мұны жылдарға шағатын болсақ, ағымдағы жылы – 63,8 мың адам, келесі жылы – 65,7 мың адам, 2027 жыл – 67,9 мың, 2028 жыл – 66,8 мың, 2029 жыл – 67,5 мың, 2030 жыл – 71,4 мың жұмысшы маман керек болады.

Бұл көрсеткіштер қоғамдағы көзқарасты түбегейлі өзгерту қажеттігін байқатады. Бір кездері еленбей келген жұмысшы мамандықтар енді ел дамуының басты драйверіне айналады.

Сарапшылардың пайымынша, құрылыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және денсаулық сақтау салалары жалпы сұраныстың 56 пайызын қамтиды. Тек құрылыс саласының өзінде 10 мыңға жуық сылақшы, 9 мыңнан астам прораб және 7 мыңнан аса дәнекерлеуші қажет.

Ауыл шаруашылығы саласында фермерлер мен тракторшылар тапшы, ал медицинада орта буын қызметкерлеріне деген сұраныс аса жоғары. Мәселен, денсаулық сақтау жүйесінде 24 614 орта медицина қызметкер, 4 604 жедел жәрдем көлігін жүргізуші, 4 536 фельдшер керек.

Бүгінгі мамандықтың ертеңгі күні ескіріп қалуы мүмкін екенін де ескеруіміз қажет. Қазіргі еңбек нарығының шындығы осындай. Сол себептен де Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Кәсіптер мен құзыреттер атласын әзірлеген. Бұл маңызды құжатта жаңа пайда болатын, өзгеріске ұшырайтын және жойылатын мамандықтарға болжам жасалған. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында агроинформатик пен биопрепарат технологы қажет болады. Құрылыс саласында да солай, цифрлық жобалаушы, экологиялық құрылыс материалдары инженері тапшылық тудырады. Тау-кен металлургиясында – жабдықты жаңғырту инженері мен блокчейн әкімшілері жетіспейтін сияқты...

Осындай болжамдардан соң, маман даярлау процесін тек университеттер мен колледждер қабырғасымен шектемеу қажет деген пайымыз жасаймыз. Қазіргі таңда жұмыссыз жүрген азаматтар үшін қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылуда. Бұл оқыту түрлері үш бағытта жүзеге асады: Бірінші – оқу орындарында, яғни шәкіртақы мен жол шығындары өтеледі. Екінші – жұмыс беруші базасында, мұнда тәжірибелі маман тәлімгер болады. Үшінші – онлайн – Skills.Enbek платформасы арқылы.

«Skills.Enbek порталында қазіргі уақытта 859 курс бар, оның ішінде 160-ы жұмысшы мамандықтар бойынша әзірленген. 2025 жылы порталда VR/AR технологияларын қолданатын жаңа білім беру бағдарламалары ұсынылады. Ол да мамандық таңдаушылардың және білім алуға ниет білдіргендердің мәселесін шешетіні сөзсіз», - дейді Астана қаласы бойынша Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Әзиз Ибрагимов.

Ведомствоның дерегінше, тек 2024 жылы 67,5 мың адам қысқа оқудан өтіп, олардың 87 пайызы жұмысқа орналасқан.

Қысқа мерзімді курстардан бөлек, ел астанасында JOLTAP және «Баршаға мүмкіндік» сияқты бастамалар сәтті жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, елордадағы модульдік кешендер тігіншілік, модельер-конструктор, дәнекерлеуші сияқты нақты сұранысқа ие кәсіптерді үш күннен 25 күнге дейінгі курстар арқылы үйретуде. Әкімдік ұсынған деректерге қарағанда, соңғы екі жылда 7 мың адам жұмысқа орналасып, 1 мыңнан астамы жеке кәсібін ашқан.

Осы «Баршаға мүмкіндік» кешенінің кеңесшісі Гүлдана Досболдың сөзінше, онда келгендерге алдымен оқу курстарына тіркеу жүргізіледі, содан соң әлеуметтік мәселелер бойынша да кеңес беріледі. Күніне 15–20 адам қабылдайтын көрінеді. Айталық, Сәуле Құсман есімді елорда тұрғыны бірнеше жыл бойы үйде отырған соң осы кешенде тігінші мен модельер-конструктор мамандығын меңгеріп, қайта еңбекке араласуға бел буғанын айтады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялауы бұл бағыттағы маңызды саяси қадам болды. Мақсат – тек кадр тапшылығын шешу ғана емес, еңбек адамының беделін көтеру, кәсіби шеберлік пен адал еңбекті бағалауға негізделген жаңа қоғамдық сананы қалыптастыру.

Қазақстанда жұмысшы мамандықтарға сұраныс күн сайын артып келеді. Еңбек нарығындағы бұл бетбұрыс – білім беру жүйесін де, қоғам көзқарасын да өзгертуді талап етеді. Бүгіннен бастап кәсіпке бет бұрған азамат – ертеңгі экономикалық серпілістің қозғаушы күші болмақ.