©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney

Елімізде қандай көліктер жиі жол апатына ұшырайды?

2025 жылдың алғашқы жартысында елімізде 56 мың жол-көлік оқиғасына байланысты сақтандыру жағдайы тіркелді. Сарапшылар тәуекелі жоғары жүргізушілер мен көліктердің санатын анықтады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Жас жүргізушілер – негізгі қауіп аймағында

Мемлекеттік несие бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қаңтар-маусым айларында былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда сақтандыру жағдайлары 3 мыңға артқан. Ең үлкен қауіп төндіретіндер – жасы 18-22 жас аралығындағы, жүргізушілік тәжірибесі 5 жылдан аспайтындар.

Олардың үлесіне барлық міндетті сақтандыру келісімдерінің небәрі 4%-ы тиесілі болса да, жол апаттарының жалпы санының 14%-ын қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар жас жүргізушілер апаттарды ресімдеу үшін «Еурохаттаманы» жиі пайдаланады. Мұндай жағдайлардың көбі Астанада тіркелген – ел бойынша 27%, ал Алматыда бұл көрсеткіш бар-жоғы 3% ғана.

Қаржылық шығыны көп көліктер

Сақтандырылған көліктердің басым бөлігі – қолданылу мерзімі 10 жылдан асқан машиналар (33%). Дегенмен сақтандыру компаниялары үшін ең үлкен қауіп 2-3 жылдық көліктерден туындайды: олардың үлесі сақтандыру шарттарының 10%-дан азын құрағанымен, шығын деңгейі орташа көрсеткіштен жоғары.

Көлік келісімдерінің саны бойынша көшбасшылар – Toyota, Hyundai, Lada және Volkswagen. Ал сақтандыру компанияларының «антикөшбасшыларына» Chevrolet, Ravon, Jac және Chery маркалары енді – дәл осы көліктер көбінесе қаржылық шығынға әкелетін апаттар статистикасын толықтырып отыр.

Біріңғай сақтандыру деректер базасы іске қосылған сәттен бастап, бір жүргізушінің бес рет немесе одан да көп жол апатына қатысқан оқиғалары да анықталған.

Бұған дейін Chery құны 5 мың долларлық көлік шығарғаны туралы жазғанбыз. Сонымен қатар Қытайдағы ең қауіпсіз көліктің Қазақстандағы бағасы туралы жаздық.