Жаңалықтар

Елімізде «Педагогикалық идеялар панорамасы-2022» байқауы өз мәресіне жетті

Нәтижесінде 67 адам жеңіске жетті
Елімізде «Педагогикалық идеялар панорамасы-2022» байқауы өз мәресіне жетті
Фото: gov.kz 24.12.2022 20:40 3546

5 мыңға жуық педагог қатысқан «Педагогикалық идеялар панорамасы-2022» республикалық байқауы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Бірнеше ай бойы олардың барлығы тәжірибелерін, өз пәнін оқытудың инновациялық және авторлық тәсілін видеоға түсіріп, Youtube-те бөлісті. Нәтижесінде 67 адам жеңіске жетті.

Байқауды «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы жыл сайын өткізіп келеді. Биыл қатысушылар саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда шамамен екі есеге көп.

«Педагогикалық идеялар панорамасы 2022» – тек байқау ғана емес, бұл тәжірибе алмасу алаңы. Мұғалімдер бір-бірімен білім бәсекесіне түсіп, болашақта кез келген адам пайдалана алатын пайдалы дәрістер, сабақтар, практикалық және зертханалық жұмыстар, семинарлар мен шеберлік сабақтарының қорын қалдырады. Сарапшылар бірнеше ай бойы 22 номинация бойынша үздік бейнематериалдарды таңдады. Номинация 5 бағыт бойынша анықталды. Республикалық кезеңнің қорытындысы бойынша 67 адам жеңіске жетті. Олардың әрқайсысы сыни ойлауды, функционалдық сауаттылықты, көптілді және инклюзивті білім беруді дамыту идеяларын бейімдеудің өзіндік тәсілін ойлап тапты. Жеңімпаздардың «Өрлеу» білім порталында ұсынылған бейнесабақтары еліміздің педагогикалық ұжымдарында талданып, тәжірибеде қолданылатынына сенімдімін, - деді «Өрлеу» АҚ басқарма төрағасы Әсел Мұхаметжанова.

Жүлделі орындарға ие болған байқау қатысушылары біліктіліктері аттестация кезінде ескерілетін сертификаттарға ие болды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға